АЙТҚАЛИЕВА Қарлығаш Даирғалиқызы
Өмірбаяны
(05.12.1967 ж., Жаңаталап ауылы, Жаңақала ауданы, Батыс Қазақстан облысы) - педагог-хореограф, зерттеуші. Өнертану кандидаты (2008 ж.).
1986-1989 жылдары - Орал мәдени-ағарту училищесінің хореография бөлімінде оқыды;
1994 жылы Әл-Фараби атындағы Шымкент педагогикалық мәдениет институтын «Би ұжымдарының жетекшісі» мамандығы бойынша бітірді.
2006 жылы Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының сырттай аспирантурасын бітірді (Алматы қ.).
2007 жылы профессор Б.К.Құндақбаев пен өнертану кандидаты, профессор Г.Т.Жұмасейітованың жетекшілігімен «Балетмейстер Дәурен Әбіров шығармашылық мұрасы» тақырыбы бойынша кандидаттық диссертация қорғады.
1994 жылдан бастап М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінде ғылыми-педагогикалық қызметпен айналысады.
1998-2008жж. - «Ақ Жайық» халық ән-би ансамблінің көркемдік жетекшісі.
2008 жылдан М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің хореография және мәдени-демалыс жұмысы кафедрасының меңгерушісі.
Шығармашылық қызмет жылдарында «Арна» және «Ақ Жайық» ансамбльдерінде 30-дан астам қазақ және 15 әлем халықтарының билері қойылды. Шығармашылық ұжымдармен көптеген елдерге (Ресей, Германия, Польша және т.б.) гастрольге барды. Әр жылдары оның басшылығымен ансамбльдер түрлі халықаралық байқаулар мен фестивальдердің лауреаттары атанды.
Қ.Д.Айтқалиева келесідей оқу-әдістемелік және ғылыми еңбектердің авторы: «Орта Азия халықтарының билері» 060440 «Хореография» мамандығы бойынша оқу-әдістемелік құрал (Орал, 2002ж.); «Халықтық-сахналық биді оқыту теориясы мен әдістемесі» (3тілде). 5В040900 Хореография мамандығының студенттеріне арналған оқу құралы (БҚМУ РИО, Орал. - 2017ж.); «Д.Әбіровтің шығармашылығы: өмір жолы мен ізденістері» Монография. (М. Өтемісов ат. БҚМУ баспа орталығы. 2017ж.); «Классикалық биді оқыту теориясы мен әдістемесі» (3тілде). 5В040900 Хореография мамандығының студенттеріне арналған оқу құралы (БҚМУ РИО, Орал, 2018 ж.)
Марапаттары: «Ы.Алтынсарин» (2013 ж.); «ҚР Мәдениет үздігі» төсбелгісі (2019 ж.); «Мәдениет мейталманы» медалі (2019 ж.).