АҚЖАНОВ Ғани Жолдыбекұлы
Өмірбаяны
16.12.1934, Гурьев қ.- 18.03.1997, Алматы қ.
Балет әртісі, педагог. Қазақ КСР еңбек сіңірген әртісі (1966).
1941-1944 жылдары - ата-анасы ерте қайтыс болғаннан кейін Қаскелең балалар үйінің тәрбиеленушісі.
1944-1953 жж. - ҚМХУ білім алушысы. Оқу кезінде өзінің ұстазы А.В.Селезневтің талабымен жоғары сыныптарда Абай ат. МАОБТ жұмыс істеді. 1950 жылы ҚМХУ оқушыларының құрамында Мәскеудегі хореографиялық училищелердің Бүкілодақтық байқауына қатысты. 1952 жылы С.Көшербаева, З.Райбаев, С.Тулусановалармен бірге ЛМХУ жетілдіру курсына жіберілді, бірақ кейін оралып, Алматыда оқуын аяқтады.
1953-1981 жж. - Абай ат. МАОБТ әртісі, балет солисті. Репертуар: Вацлав, Нұрәлі (Бақчисарай бұрқағы); I актінің pas-de-troix («Аққу көлі»); Базиль, Жарғанат («Дон Кихот»); Дима («Жастық»), Сабыр (алғашқы орындау, «Достық жолымен»), Әли («Достық жолымен»), Ванечка («Доктор Айболит»), Волька («Қарт Хоттабыч»), Мұрат (алғашқы орындау, «Қамбар мен Назым»); Ханзада Дезире, Көк құс («Ұйқыдағы ару»); Алмас (алғашқы орындау, «Берег счастья»), Шурале (алғашқы орындау, «Шурале»), Шайтан («Шурале»), Джанчотто («Франческа да Римини»), I акт pas-de-deux («Жизель»), Вакх («Вальпургиева ночь»); опералық спектакльдерде қойылған билердегі соло: «Қыз-Жібек», «Біржан мен Сара», «Ер-Тарғын», «Абай» және т.б.
1958 жылы 23 желтоқсанда Мәскеуде өткен Қазақ өнері мен әдебиетінің онкүндігінің қорытынды концертінде КСРО Үлкен театрының сахнасында С.Көшербаевамен бірге «Достық жолымен» балетінен адажио орындады.
Ол өзінің солист ретіндегі мансабын Абай ат. МАОБТ (28.11.1980 жылға дейін) мен АХУ-да педагогикалық жұмыспен бірге алып жүрді.
Ол ерлер биінің орындаушылық мәдениетін айқындап, қазақстандық балет өнерінің дамуына үлкен үлес қосты.
Марапаттары: «Құрмет Белгісі» ордені (1959), «В.И. Лениннің туғанына 100 жыл толуына арналған Ерен еңбегі үшін» мерейтойлық медалі (1970).
Библиография
- Абай атындағы ҚазҰТОБ мұрағатындағы Ақжанов Ғани Жолдыбекұлының жеке ісі.