"АСТАНА БАЛЕТ" ТЕАТРЫ

19.10.2023  | Автор: Шомаева Д.Е.

Өмірбаяны

«Астана Балет» театры» ЖШС 2012 жылы Астана қаласында құрылған. Көркемдік жетекшісі - Әсел Исабаева. Театрдың бастауында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері А.Әлішева мен А.Тати болды. Театр труппасы А. Селезнев ат. АХУ үздік түлектерінен құралды. «Шығыс рапсодиясының» алғашқы концерттік бағдарламасына З.Райбаев, Н.Калинина, А.Нұрмахаматұлы, Г.Туткибаева, А.Тати, М.Авахри, А.Четин, П.-Г. Эмерсон, А.Дамаск және т.б. балетмейстерлер қойған нөмірлер кірді. Ұжымның тұсаукесері 2013 жылдың 1 шілдесінде Бейбітшілік және Келісім сарайында өтті (Астана қ.).

Шығармашылық ұжымның бірінші кезектегі міндеті - жаңа ұлттық балеттерді, сондай-ақ орындаушылық мәдениеттің үлгілеріне айналатын және ұжымның көркемдік стилін айқындайтын бірегей шығармашылық тұлғаны қалыптастыруға мүмкіндік беретін әр түрлі мазмұндағы және көркемдік толықтығы бар хореографиялық туындыларды жасау. Театр репертуарында әлемдік балет өнерінің классикасынан бастап модернге дейінгі түрлі тенденцияларын көрсететін спектакльдер де бар.

«Астана Балет» театры - Қазақстан Республикасындағы жетекші хореографиялық ұжымдардың бірі. Театр классикалық дәстүрлер мен заманауи хореографияны және халық биінің соңғы тенденцияларын шебер үйлестіреді. Бірегей көп жанрлы репертуар әлемдік және отандық классиканың жауһарларымен, ерекше хореографиялық қойылымдармен үнемі толығып отырады. Театр репертуарында әлем балеті алыптарының: Дж.Баланчиннің «Серенадасы», «Concerto Barocco», «Фортепиано мен оркестрге арналған Каприччио», У.Форсайт «In the Middle, Somewhat Elevated», И.Киллиан «Падшие ангелы», Ю.Григорович «Махаббат туралы аңыз», Р.Ребек «A Journey of a memory», Н.Фонте «Love’s Lost Idols», сонымен қатар П.Чайковскийдің «Щелкунчик», А.Адамның «Жизель» сияқты қойылымдары бар.

Театрдың репертуары отандық және шетелдік хореографтар жасаған бірегей бір актілі және көп актілі балеттердің арқасында толығып, түрленіп отыр. Олардың ішінде: «GAIA», «A Fuego Lento», «Love Fear Loss», «Touch of Illusion» (хореографиясы Р.Амаранте, Бразилия), «Вальпургиева ночь», «Қар ханшайымы» (хореографиясы Г.Ковтун,Украина) , «Salomé», «Кармен» (хореографиясы М. Авахри, Қазақстан) және т.б.

Халықтың сұлулығын асқақтататын, халық дәстүрін терең ұғынатын «Астана Балет» театрының репертуары үшін ұлттық балеттердің маңызы ерекше. Театр репертуарында «Әлем» (хореографы Н. Дмитриевский), «Жусан» (хореографы М.Авахри), «Желтораңғы туралы аңыз» (хореографы А.Садықова), «Қозы Көрпеш - Баян Сұлу» (хореографы Г. Ковтун), «Жеті қазына» (хореографы У.Сиязбек). Театрдың бетке ұстар мақтанышы - «Ұлы дала мұрасы» атты концерттік бағдарлама. Оған арналған туындыларды отандық және шетелдік хореографтар жасаған. Олардың қатарында Д.Әбіров, З.Райбаев, М.Авахри, А.Тати, Г.Ковтун, А.Цой, А. Садықова, А.Шәмшиев бар. Қоюшы-хореографтар би фольклорының көне үлгілерін мұқият жинап, солардың негізінде жаңа билер мен сюжеттік спектакльдер жасайды: «Нұр шашу», «Балбырауын», «Арулар», «Қыз қайың», «Ата толғауы», «Кербез сұлу», «Желтораңғы» , «Сый-сияпат», «Серілер саланаты», «Әсем қоңыр», «Ұлы дала, және басқалар.

«Астана Балет» театры республикада да, шетелде де белсенді гастрольдік және концерттік іс-шаралар өткізеді. Әртістер Франция, Ресей, Италия, Австрия, Монако, Бельгия, Венгрия, АҚШ, Жапония, Қытай, Корея және басқа елдерде өнер көрсетті. Труппаның қойылымдары Мариинский және Михайловский театрларының (Санкт-Петербург), Royal Opera House (Лондон), Grimaldi Forum (Монте-Карло), Линкольн орталығының (Нью-Йорк), Tokyo Bunka Kaikan (Токио), Palais des congrès de Paris, Salle Pleyel (Париж), Center for Fine Arts Bozar (Брюссель), Teatr Wielki - Opera Narodowa (Варшава) және т.б. танымал сахналарды көрсетілді. Әсем және есте қаларлық спектакльдердің, ұлттық нақыштағы терең және әсерлі қойылымдарының арқасында «Астана Балет» Қазақстанның жетекші театрларының қатарына тез еніп, көрерменге танымал болды; халықаралық даңққа бөленіп, шетелдік аудитория үшін қазіргі қазақ хореографиялық өнерінің жарқын өкілдерінің біріне айналды.

«Astana Ballet» - әйгілі «EURASIAN DANCE FESTIVAL» Халықаралық фестивалінің негізін қалаушы және құрылтайшысы. Фестивальде Корольдік балеттің (Лондон), Мемлекеттік балеттің (Берлин), Үлкен театрдың (Мәскеу), Михайловский театрының (Санкт-Петербург), Венгрияның Мемлекеттік опера театрының және т.б. солистері; сондай-ақ «Қытайдың Ұлттық балеті», «Словенияның Ұлттық балеті», «Universal Ballet» (Оңтүстік Корея), «Жапония халықаралық балет компаниясы», «Украинаның Павел Вирский атындағы Ұлттық еңбек сіңірген академиялық би ансамблі» және т.б. қатысты.

2021 жылдан театрдың көркемдік жетекшісі болып Нұрлан Канетов тағайындалды.

Медиа галерея

"АСТАНА БАЛЕТ" ТЕАТРЫ

"АСТАНА БАЛЕТ" ТЕАТРЫ

"АСТАНА БАЛЕТ" ТЕАТРЫ

"АСТАНА БАЛЕТ" ТЕАТРЫ