ӘЖІБЕКОВА Зәуре Бекембайқызы
Өмірбаяны
(03.06.1971 ж., Шымкент қ.) педагог, балетмейстер. Педагогика ғылымдарының кандидаты (2007). Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері (2018ж.).
1993 ж. - Әл-Фараби атындағы Шымкент педагогикалық мәдениет институтын «Мәдени-ағарту жұмыс» мамандығы бойынша бітірген.
1993 жылдан хореографиялық пәндер оқытушысы.
2002-2003жж. - М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің хореография кафедрасының меңгерушісі.
2003-2004ж. - Қожа Ахмает Яссауи атындағы Халықаралық Қазақ-Түрік университетінің кафедра меңгерушісі.
2003-2018жж. - Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің Ш.Қалдаяқов атындағы облыстық филармонияның «Қазына» халық би ансамблінің жетекшісі. Оның «Алтай биі», «Өтті-ау дүние», «Шаттану», «Думанды дәурен», «Қырандар», «Қонақжай құрбылар», «Серпіліс» қойылымдары мен «Ұлы Жібек Жолы», «Дала рухы» спектакльдері түрлі би байқаулары мен фестивальдерінде жоғары марапаттарға ие болды: Ш.Жиенқұлова атындағы III Республикалық қазақ би байқауында «Үздік би қоюшы» (Орал, 2006 ж.); Халықаралық ХІ «Шабыт» байқауында Дәурен Әбіров атындағы «Хореографтың үздік қойылымы» (Астана, 2008 ж.); Ш.Жиенқұлованың 100 жылдығына арналған IV Республикалық қазақ би байқауында «Балетмейстер өнері үздігі» (Астана, 2012ж.); «Қазақстан раушандары» халықаралық байқауында «Ең үздік балетмейстерлік жұмыс» (Астана, 2016 ж.); «Ресей раушандары» халықаралық байқауында «Үздік балетмейстерлік жұмыс» (РФ Екатеринбург, 2017 ж.); ҚазКСР Халық әртісі З.Райбаевты еске алуға арналған ІІІ халықаралық «Шашу» халық би фестивалінде «Қазақ биінің дәстүрлерін сақтағаны» үшін дипломмен (Астана, 2018 ж.) марапатталған. Оның жетекшілігімен ансамбль әлемнің көптеген елдерінде гастрольдік сапармен болды.
«050409 - Хореография», 050906 - Режиссура, 050407 - Актерлік өнер (2006 ж.) мамандығының студенттеріне арналған «Қазақ биін оқытудың практикалық нұсқаулығы» оқу құралының авторы. «Курсты оқытудың теориялық негіздері - дәстүрлі қазақ биі» 050906-Мәдени-демалыс жұмысы, 050409 - Хореография (2009 ж.) мамандығының студенттеріне арналған оқу құралы.
Марапаттары: ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің және ҚР Мәдениет және өнерді қолдау мемлекеттік қорының «ҚР Мәдениет қайраткері» (2006 ж.); «Қазақстан Конституциясына 20 жыл» мерейтойлық медалі (2015 ж.).