БАЙСЕЙІТОВ Қанабек

24.10.2023  | Автор: Мусинова Ә.А.

Өмірбаяны

15.03.1905 ж., Қалпе ауылы, Қаратал ауданы, Алматы облысы-10.03.1979 ж., Алматы қ.

Опера әншісі, киноактер, режиссер, драматург, аудармашы. ҚазКСР еңбек сіңірген әртісі (1934 ж.); ҚазКСР Халық әртісі (1936 ж.); ҚазКСР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты (1944 ж.).

1925 жылы Қазақ педагогикалық техникумына оқуға түсті. Студенттік жылдары ол талантты актер ретінде көрінді. 1920 жылы грамота және араб грамматикасы мұғалімі болып жұмыс істеді. Революциялық комитеттің хатшысы, полиция бастығы болды. 1920 жылдардан бастап, көркемөнерпаздар үйірмесіне қатысты.

1930-1933 - Қазақ драма театрының әртісі.; 1934 ж. - драма әртісі, Қазақ музыкалық-драма театрының (қазіргі Абай атындағы Мемлекеттік академиялық опера және балет театры) опера әншісі. 1934 жылы «Айман-Шолпан», «Шұға», «Қыз Жібек» және т.б. спектакльдердегі жетекші партиялардың бірінші орындаушысы. К.Байсейітова, Қ.Жандарбеков, М.Төлебаев, Ш.Жиенқұлова, М.Ержанов сынды әртістермен қатар Мемлекеттік академиялық опера және балет театрының негізін қалаушылардың бірі. 1934-1965- опера солисі, Абай атындағы Мемлекеттік академиялық опера және балет театры опералық спектакльдерінің режиссері. Драмалық шығармалардың авторы және аудармашы.

1934 жылы либретто авторы Ғ.Мүсіреповпен, композитор Е.Брусиловскиймен, қоюшы Ж.Шанинмен, қоюшы-балетмейстер А.Александровпен бірлесіп «Қыз Жібек» музыкалық пьесасының қойылымына режиссер ретінде қатысты. Спектакльді қазақ халық билері байытып, сюжеттік негізі үйлесімділік түрде құрастырылды. Мәскеу композиторы Л.Степановпен (1957 ж.) бірге жасаған «Жоңғар қақпасы» балетінің либреттосының бірлескен авторы. 1958 жылы Мәскеудегі қазақ өнері мен әдебиеті онкүндігіне дайындық кезінде «Жоңғар қақпасы» балетінің музыкалық партитурасы мен хореографиясы айтарлықтай қайта өңделді. Жаңадан «Достық жолы» деп аталатын жаңартылған балеттің премьерасы 1958 жылы 5 шілдеде өтті. Қ.Байсейітов Р.Захаровпен бірлесе отырып, либреттосын жазды. Ол сюжетті шамадан тыс мимикалық көріністерден тазартты. Жалпы балеттің сюжетін өзгертіп, әрекетті айқындай түсті.

Марапаттары: «Құрмет Белгісі» орденінің иегері (1936 ж.); Ленин орденінің иегері (1959 ж.); Халықтар Достығы орденінің иегері (1975 ж.); Еңбек Қызыл Ту орденінің иегері.

Библиография

  • Сарынова Л.П. Байсейітов Қанабек. Қазақстанның балет өнері. - Ғылыми басылым. – Алма-Ата: Қазақ КСР «Ғылым», 1976–176 б. – Б.94,168.
  • Байсейітов Қ.Өмір бақи.– Алматы: «Жазушы» баспасы, 1981 ж.
  • Нұржекеев Б.Байсейітов Қанабек – Қазақ КСР. Қысқаша энциклопедиясы. 4-том – Алматы: Қазақ кеңес энциклопедиялары – 1989. – Б.165.

Медиа галерея

БАЙСЕЙІТОВ Қанабек

БАЙСЕЙІТОВ Қанабек