ЧЕРНЫШЕВА Лидия Демьяновна

30.10.2023  | Автор: Ізім Т.О

Өмірбаяны

ЧЕРНЫШЕВА Лидия Демьяновна (23.05.1912 ж., Бердянск қ., Запорожье обл. - 23.09.1975, Симферополь қ.) - биші, хореограф-балетмейстер. Қазақ КСР Халық әртісі (1957 ж.), КСРО Халық әртісі (1967 ж.).

Ленинград хореография училищесін бітірген (1929 ж.), Харьков музыкалық комедия театрында балет әртісі және балетмейстер болып жұмыс істеді, Чернигов қаласындағы алғашқы ән-би ансамблінің ұйымдастырушысы (1936 ж.).

1938-1939 жылдары Украинаның мемлекеттік ән-би ансамблінің көркемдік жетекшісі.

1939-1945 жылдары Оңтүстік Закавказье, 1-ші Украин майдандарында өнер көрсетіп, ән-би ансамбльдерін басқарды.

1955-1970 жылдар аралығында қазақ ән-би ансамблінің директоры және көркемдік жетекшісі болды. Л.Д.Чернышева Қазақстанның кәсіби хореографиялық өнерінің дамуына зор үлес қосты. Оның вокалды-хореографиялық композициялары: «Алатау баурайында», «Демалыста», «Аққу қыздар», «Су тасушы қыз» көрермендердің назарына ұсынылып, ансамбльдің негізгі репертуарына айналды.

Марапаттары: «Ленин» орденінің иегері (1959); 2-дәрежелі «Отан соғысы» ордені (1944); екі «Еңбек Қызыл Ту» ордені; «Халықтар Достығы» ордені (1974); «Қызыл Жұлдыз» ордені (1943); екі «Құрмет Белгісі» ордені (1948 және 1950); «Румыния Жұлдызы» ордені; «Ерен еңбегі үшін» медалі. «Владимир Ильич Лениннің туғанына 100 жыл» толуына орай; «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысындағы Германияны жеңгені үшін» медалі; «Праганы азат еткені үшін» медальдері.