ИБРАГИМОВ Әли Файзулла Ходжайұлы (Ардобус)
Өмірбаяны
(15.01.1900, Ақ-мешіт (қазіргі Қызылорда) - 09.11.1959, Ташкент қ.) - биші, хореограф. Өзбекстан (1944) және Қарақалпақстан (1954) еңбек сіңірген әртісі.
1923-1925 - Ташкент балет студиясының студенті.
1919 жылдан Ташкент драма және музыкалық театрларының актері, режиссері, әншісі, музыканты.
1930 - «Тау қырандары» («Горные орлы») этнографиялық ән-би ансамблінің ұйымдастырушысы.
1933-1934 - Қазақ музыкалық студиясының балетмейстері (МАОБТ). Е.Брусиловскийдің «Айман-Шолпан», «Шұға» музыкалық спектакльдерінде «Қаражорға», «Қоян-би», «Келіншек», «Соқыр теке», «Ақсүйек» және т. б. қазақ халық билерін сахналады.
1934 - Алматыда ашылған Ұйғыр театрының алғашқы көркемдік жетекшісі, онда «Анархан» музыкалық спектаклінде ұлттық би қойды.
1935-1938 - Қазақ филармониясының би тобы мен Шара Жиенқұлованың концерттік нөмірлерін қоюшы ретінде шақырылды.
1943-1945 - Қарақалпақстанда би студияларын ұйымдастырды, спектакльдерде би қойды. Кейінгі жылдары Ташкент, Самарқанд, Наманған, Андижан театрлары мен ансамбльдерінде қоюшы-хореограф ретінде жұмыс істеді. Ардобус ұлттық қазақ балет өнерінің қалыптасуына және сахналық мәдениетті, тазалық пен орындау техникасын бойына сіңірген бишілердің бірінші буынын тәрбиелеуге зор үлес қосты.