ИМАНҚҰЛОВА Мархаба Сәдуақасқызы
Өмірбаяны
ИМАНҚҰЛОВА Мархаба Сәдуақасқызы (27.12.1927 ж. - 29.10.1999 ж., Петропавл қ., Солтүстік Қазақстан облысы) - биші. ҚазКСР еңбек сіңірген әртісі (1966 ж.).
Кәсіби білім берудің алғашқы дағдыларын хореографиялық студияда «Акробатикалық жанрдың әртісі» біліктілігі бойынша алған, педагогы - Л.К.Дейнар-Кам.
1945 жылы ол біртіндеп халық билерін орындауға бет бұра бастады. Шағын ауылдарда, тың совхоздардың далалық қырмандарында, импровизацияланған ауылдық және астаналық сахналарда өнер көрсетті. Үнемі өзін жетілдіру бағытында үзбей жұмыс істей жүріп, орындау техникасын жетілдірді. Оған сүйікті педагог, Қазақстанның Халық әртісі Ш. Жиенқұлованың сабақтары көп білім берді. Табиғатынан ерекше нәзік, дене пластикасы әсем, музыканы естіп-сезінуі жоғары деңгейдегі биші ғажап қиял иесі бола отырып, әр түрлі билерді орындауда қозғалыстардың динамизмімен және сезімдердің үйлесімділігімен көрермендерді баурап алды.
Мәскеуде өткен VI Халықаралық жастар мен студенттер фестивалінің би бағдарламасына қатысты (1957 ж.). Бишінің өміріндегі маңызды оқиға - Мәскеудегі (1958 ж.) Қазақстан әдебиеті мен өнерінің онкүндігіне қатысу үшін кәсіби ұжымға, атап айтқанда Шара Жиенқұлова ансамбліне шақырылуы болды.
Марапаттары: Мәскеудегі VI Дүниежүзілік жастар және студенттер фестивалінің лауреаты (1957 ж.); КСРО Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасы (1958 ж.); Петропавл қаласының Құрметті азаматы (1991 ж.).