"ШАБЫТ" ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ ЖАСТАР ФЕСТИВАЛІ
Өмірбаяны
Астана қаласының әкімдігі «Шабыт» фестиваль-конкурсының құрылтайшысы болып табылады. Тұсаукесері 1998 жылы өтті. Фестиваль-байқаудың дамуы мен танымал болуына қазақстандық композитор, қоғам қайраткері Төлеген Мұхамеджанов үлкен үлес қосты. Байқаудың мақсаты - өнер саласындағы шығармашылық жетістіктерді анықтау, талантты және дарынды орындаушыларды қолдау. 25 жыл ішінде шығармашылық жетістіктер байқауға қатысушылардың шеберлігімен өлшенді, байқаудың форматы мен құрылымы өзгерді, жаңа идеялар пайда болды. Байқау Қазақстанның дарынды жастары мен әлем елдерінің жас таланттарын біріктіріп, тәжірибе алмасу, шығармашылық достастық және өнер өкілдерінің халықаралық қарым-қатынасы үшін қолайлы платформаға айналды.
Байқауға көптеген номинациялар кіреді: хореография, классикалық және халық музыкасы, эстрадалық ән, академиялық ән, бейнелеу және қолданбалы өнер, дизайн, журналистика, көркем сөз, фотография, театр, цирк өнері және т.б. Фестиваль-байқаудың барлық кезеңінде оған әр түрлі өнер жанрларының 10 мыңнан астам жас таланттары қатысты. Фестивальдің Гран-При жүлдесіне әр уақытта танымал қазақстандық әзілкеш Т.Қабатов, ақын Қ.Сарин, балет әртістері А.Бекетаева, Б.Адамжан, Т.Гатауов, Ж.Әубәкіров т.б., опера әншісі А.Ниязова, «Меломан» тобы, әнші А.Матай, танымал әнші және композитор Қ.Баекенов, Қ.Байжанов атындағы Қарағанды концерттік бірлестігінің «Аққу», Қазақ Ұлттық Өнер университетінің, «Шабыт» т.б. би ансамбльдері, жас ақын, журналист Е.Алшынбай және басқалар лайық деп танылды.