ДЖАЛИЛОВ Әнуарбек Мұхарамович

21.11.2023  | Автор: Кульбекова А.К

Өмірбаяны

ДЖАЛИЛОВ Әнуарбек Мұхарамович (27.12. 1937, Алматы қ.-29.08.1999, Алматы қ.) - балет әртісі, педагог. ҚазКСР еңбек сіңірген әртісі (1966).

1949-1958 - Ленинград мемлекеттік хореографиялық училищесін А. И. Пушкин сыныбы бойынша бітірді. Педагогтары: А.А.Писарев, Л.С.Петров, Н.А.Пономарева, А.П. Бажаев, Ю.П.Умрихин. Бітіру концертінде (1958) С. М. Киров атындағы Ленинград мемлекеттік опера және балет театрының сахнасында Р.Глиердің «Қызыл гүл» («Красный мак») балетінен үзінді, Р. Глиердің С. Азаматовамен (тәжік тобы) «Естелік» дуэті және А. Турдыевамен (тәжік тобы) «Мошковскийдің вальсі» («Вальс Мошковского») орындады. Жоғары білімін «Педагог-хореограф» (1995-1998) мамандығы бойынша жоғары хореография мектебінде алды.

1958-1978 - балет әртісі, 1961 жылдан Абай атындағы Мемлекеттік академиялық опера және балет театрының балет солисі. Балеттің ең жас әртісі ретінде Мәскеудегі Қазақ өнері мен әдебиетінің IІ- онкүндігіне (1958) балет труппасын дайындауға жеке өзі қатысып, Р.В. Захаровтың қойылымындағы «Бақшасарай бұрқағы» балетінде С.Көшербаевамен (Мария) жұптаса Вацлав партиясын орындады. Сондай-ақ, онкүндікте «Достық жолы» балетінде Амантайдың партиясын биледі. Театрдың балет репертуарының барлық спектакльдерінде басты рөлдерді орындады: Ханзада Дезире («Ұйқыдағы ару»), Ханзада Зигфрид («Аққу көлі»), Ферхад («Махаббат туралы аңыз»), Солор («Баядерка»), Бозбала («Шопениана»), Тайо («Хиросима»), Чин-Томур («Чин-Томур»), Базиль («Дон Кихот»), Қодар («Қозы Көрпеш - Баян Сұлу»), Альберт («Жизель»), Евгений («Қола салт атты», «Медный всадник»), Феб («Эсмеральда»), Иоганн Штраус («Үлкен вальс»), Паоло («Франческа да Римини»), Нурдин («Чолпон», хореограф. У. Сарбағышев), Әли-Батыр («Шурале»), Мұхит («Хоттабыч қарт», «Старик Хоттабыч»), Қамбар («Қамбар және Назым»), Ли Син («Достық жолы»), pas-de-six («Аққу көлі»), Зұлым рухтар («Шурале»), Бахус ( «Фауст» операсынан «Вальпургия түні» сахнасы), «Қыз Жібек» операсындағы II- актінің билері және басқалар.

Театрдың белгілі балериналары - С.Көшербаева, И.Манская, С.Тулусанова, Н.Гудочкина-Каньшинамен жұптаса биледі.

1966 - Мәскеудегі Кремль театрының сахнасында С.Көшербаевамен бірге «Хиросима» балетін көрерменге ұсынды.

Б. Джантаев

Ол КСРО, Моңғолия, Үндістан, Бирма, Польша қалаларын аралады. Балет ұжымының цех комитетінің төрағасы, балеттің көркемдік кеңесінде және театрдың көркемдік кеңесінде қызмет етті.

1978-1998 - бишілік шығармашылығын аяқтағаннан кейін, А.В. Селезнев атындағы Алматы хореография училищесінде (АХУ) классикалық және дуэтті-классикалық билердің жетекші мұғалімдерінің бірі болды. Оқушылар арасында: Д.Сушков, Н.Абугалиев, А.Богов, Қ.Ахмедьяров, Ю.Никитенко және басқа да талантты бишілер бар. АХУ-нің көркемдік кеңесінің құрамында жұмыс атқарды.

Қыркүйек 1987-1995 - Абай атындағы МАОБТ-тың педагог-репетиторы жұмысын А.В. Селезнев атындағы АХУ-де педагогикалық қызметімен қоса атқарған.

1995-1998 - Мемлекеттік «Салтанат» би ансамблінің (МБА) педагог-репетиторлық жұмысын А.В. Селезнев атындағы АХУ-де педагогикалық қызметімен қоса атқарған.

Марапаттары: 1958 жылғы Мәскеудегі қазақ өнері мен әдебиеті онкүндігіне қатысқаны үшін «Еңбек даңқы» медалі (1959), «Тың жерлерді игергені үшін» медалі (1969), «Еңбектегі жетістігі үшін» медалі (1970), «Еңбек ардагері» медалі (1978).

Медиа галерея

ДЖАЛИЛОВ Әнуарбек Мұхарамович

ДЖАЛИЛОВ Әнуарбек Мұхарамович

ДЖАЛИЛОВ Әнуарбек Мұхарамович

ДЖАЛИЛОВ Әнуарбек Мұхарамович

ДЖАЛИЛОВ Әнуарбек Мұхарамович

ДЖАЛИЛОВ Әнуарбек Мұхарамович