КУЛЬБЕКОВА Айгүл Кеңесқызы
Өмірбаяны
(16.01.1967, Орал қ.) - биші, педагог, зерттеуші. Педагогика ғылымдарының докторы (2009), өнертану профессоры (2017), ҚР Мәдениет қайраткері (2007).
1977-1985 - АХУ оқушысы, «Халық би ансамблінің әртісі» біліктілігі, педагогтары: И. К. Олзоева, Г.Н. Бейсенова, А. Н. Зарембо.
1992-2001 - Дәулеткерей атындағы БҚӨИ студенті, «Балетмейстер-педагог» біліктілігі, хореографиялық пәндер оқытушысы (1992-1995);
1999-2001 - Мәскеу мемлекеттік мәдениет және өнер университетінің аспиранты;
2004-2008 - МММӨУ докторанты.
1985-1992 - «Алтынай» Мемлекеттік би ансамблінің әртісі, Д.Әбіров қойылымындағы «Қоштасу» биінің алғашқы орындаушысы, Шара Жиенқұлова атындағы I-Республикалық байқауға қатысушы, «Сахналық бейнені жасағаны үшін» арнайы сыйлығының иегері (1992).
1992-2010 - Дәулеткерей атындағы БҚӨИ хореографиялық пәндер оқытушысы.
1995 - Ғ. Құрманғалиев атындағы облыстық филармония базасында. «Назерке» халық би ансамблін құрды, 1995-2010-көркемдік жетекші, 1995-2010 - бас балетмейстері.
2001 - Мәскеу мемлекеттің мәдениет және өнер университетінде «Мәдениет және өнер жоғары оқу орындарында қазақ биін оқыту теориясы мен әдістемесі» тақырыбында кандидаттық диссертация қорғады (ғылыми жетекшісі п.ғ. д., академик А. Д. Жарков).
2009 - Мәскеу мемлекеттің мәдениет және өнер университетінде «Қазақстанның мәдениет және өнер жоғары оқу орындарында хореографтардың кәсіби шеберлігін қалыптастыру: жүйелік тәсіл» тақырыбында екі мамандық бойынша докторлық диссертация қорғады: 13.00.08 - Кәсіптік білім берудің теориясы мен әдістемесі; 13.00.05-әлеуметтік-мәдени қызметтің теориясы, әдістемесі және ұйымдастырылуы (ғылыми кеңесші п.ғ. д., академик А. Д. Жарков). Қазақстандағы алғашқы ғылым докторы - хореограф, үш Ш. Жиенқұлова атындағы Республикалық қазақ би байқауының бастамашысы және ұйымдастырушысы (2001, 2006 - Орал қ., БҚМУ. М. Өтемісова; 2012-Астана, ҚазҰӨУ).
2010-2013 - ҚазҰӨУ «Хореография» кафедрасының меңгерушісі (Астана).
2015-2016 - ҚР МСМ тапсырмасы бойынша Қазақ ұлттық хореография академиясының ашылуын ұйымдастыруға және дайындауға қатысты.
2016 жылдың қыркүйек айынан Қазақ ұлттық хореография академиясының педагогика кафедрасының профессоры, 160-тан астам еңбектің авторы, оның ішінде оқулық, оқу құралдары, монографиялар, мақалалар, авторлық куәліктер бар. Ең маңызды жұмыстар: Т.О. Ізіммен (2012) бірлесіп жазған «Қазақ биін оқытудың теориясы мен әдістемесі» ұлттық хореография бойынша алғашқы оқулық, «Кәсіби хореографиялық білім беру педагогикасы» монографиясы (2016).
Қазақстанның хореографиялық педагогикасын, қазақ биін оқыту теориясы мен әдістемесін дамытуға елеулі үлес қосты. Ұлттық және халықаралық агенттіктердің тәуелсіз сарапшысы, республикалық, халықаралық және шетелдік хореографиялық конкурстардың қазылар алқасының мүшесі (Қазақстан, Ресей). Шығармашылық қызметінің әртүрлі кезеңдерінде республикалық, халықаралық конкурстардың лауреаттарын дайындады: «Арна», «Назерке» (Орал), «Шабыт» (А.Р. Юсуповпен шығармашылық бірлестікте құрған, Астана), «Гауһар білезік» (Астана) ансамбльдері IV- Республикалық қазақ би байқауының жеңімпазы болып табылады. Ш. Жиенқұлова атындағы IV- Республикалық қазақ би байқауының «Үздік балетмейстерлік жұмыс» номинациясы бойынша (Д.Әбіров атындағы сыйлық, Астана, 2012).