ҮЛКЕН ВАЛЬС
Өмірбаяны
3 актілі, 8 көріністі балет.
Композитор - Иоганн Штраус, музыкалық композиция Семен Арбиттікі. Либретто және хореография - Николай Трегубов. Қоюшы- Балетмейстер - Алла Шульгина (Мәскеу, РСФСР). Қоюшы-суретші - Евгений Чемодуров (Минск, БССР). Қоюшы-дирижер - Евгений Манаев.
Премьера 1960 жылы 5 қарашада Абай атындағы Мемлекеттік академиялық опера және балет театры сахнасында өтті.
Кейіпкерлер мен орындаушылар: Штраус - В.Васильев; Фанни - Валентина Кузнецова; Генриетта - Сара Көшербаева.
Сән ательесінің директоры кеңсе қызметкері Иоганн Штраусты жұмыстан босатады. Өйткені талантты жас жігіт ателье қызметкерлеріне өзінің вальстерін ойнап, жұмыстарына кедергі жасайды. Бірақ жас жігіт мүлде ренжімейді. Дунайдың көгілдір толқындарынан шабыт алып, жаңа музыкалық әуендер шығарады.
Күтпеген жерден ол сұлу биші Фанниді кездестіреді. Фанни оны жаңа шығармаларға шабыттандырады. Оның әйелі Генриетта Штраустың Фанниге ғашық болғанын көреді. Байқалмай, ұмытылып қалған ол, мұң мен қайғыға батады.
Генриетта күйеуін кешіруге бекінеді. Фанни өзінің импресарио және жанкүйері Розенмен бірге жаңа композицияларға келісім-шартқа отыру үшін Штраустың үйіне келеді. Бірақ ерлі-зайыптылардың отбасылық бақытын көрген Фанни келісім-шартты бұзып, Розенмен кетеді.
Бүкіл Вена халқы «вальс патшасы» деп таныған Штраустың вальсін билейді.
Бір актілі балет.
Композитор - Иоганн Штраус. Либретто, хореография және қойылымы - Тамаз Вашакидзе (Екатеринбург қ.); балетмейстердің көмекшісі - Денис Зайнтдинов (Екатеринбург қ.). Қоюшы-суретші - Станислав Фесько (Екатеринбург қ.). Қоюшы-дирижер - Арман Оразғалиев.
Премьера 2012 жылы 9 маусымда Абай атындағы Мемлекеттік академиялық опера және балет театры сахнасында өтті.
Кейіпкерлер мен орындаушылар: Штраус - Фархад Буриев, Азамат Асқаров; Муза - Гүлвира Құрбанова, Жанель Тукеева; Ерлердің вариациясы - Рафаэль Уразов; «Пиццикато» - Динара Есентаева; «Аңшылықта» - Дилара Шомаева, Әсет Мурзакулов; Үш солист қыз - Әсел Құмарова, Зарина Айшувакова, Малика Тоққожина; Төрт солист қыз - Динара Құдабаева, Анар Досқараева, Мәдина Кенжебекова, Орынгүл Нұржанқызы; Төрт солист - Руслан Амраев, Бақтияр Адамжан, Марат Оралбаев, Арнай Омарбаев.
Үнсіз балет залы, тек фотосурет - әртістердің стоп-кадрде қатып қалған суреті - бұл бидің кемелдігіне ұмтылатындар үшін өмір сүру кеңістігі екенін еске салады. Шабыт іздеп, мазасызданған Ақын келеді. Ол рояльге жақындайды, онда ақ-қара пернелердің жіңішке қатары оның санасында поэтикалық бейнелер тудырады. Тағы бір сәт, пернелерге жан біткен сияқты. Муза ақынды тағы бір шедевр жасауға шабыттандырады. Ақын мен Музаның романтикалық диалог-адажиосы аңшы-кавалер мен көбелек-балеринаның көңілді дуэтімен алмасады. Төрт сымбатты балерина сахнада төрт батыл кавалерге жол береді. Әрекеттің барлығы вальс ырғағына ілескен жалпы биге ұласады.