ӨРЛЕУ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ХОРЕОГРАФИЯЛЫҚ ОҚУ ОРЫНДАРЫНЫҢ КОНКУРСЫ
Өмірбаяны
Хореографиялық оқу орындарының халықаралық байқауы. Байқаудың негізін қалаушылар А.Селезнев атындағы Алматы хореографиялық училищесі мен Еуразиялық Мәдениет Қоры болды. Байқаудың мақсаты мен міндеті - хореографиялық училищелер мен мектептердің шығармашылық тәжірибесімен танысу, классикалық және халық билерін оқытуда тәжірибе алмасу, оқушылардың шығармашылық жетістіктерін көрсету, жас таланттарды анықтау.
«Өрлеу» хореографиялық оқу орындарының I Халықаралық байқауы 2008 жылы А.Селезнев ат. АХУ өтті. «Өрлеу» хореографиялық оқу орындарының I Халықаралық байқауының демеушілері Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Ұлт көшбасшысы Қоры, А.В. Селезнев ат. АХУ, Еуразиялық Мәдениет Қоры, «Petro Kazakhstan» компаниясы болды. Осы жылдар ішінде байқауға Ресей, Корея, Жапония, Түркия, Украина, Өзбекстан, Қырғызстан, Таиланд, Португалия, Германия, Австрия, Оңтүстік Африка Республикасы, Саха (Якутия), Қазақстанның хореографиялық оқу орындарының білім алушылары қатысты.
Осы жылдар ішінде қазылар алқасының құрамында: КСРО халық әртісі Михаил Лавровский (Ресей), КСРО халық әртісі Рамазан Бапов, Ресей және Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Юрий Васюченко, Ресей Федерациясының еңбек сіңірген өнер қайраткері Валерия Уральская, ҚР халық әртісі Гүлжан Туткибаева, Өзбекстанның халық әртісі Гүли Хамраева, Венгрия Республикасының еңбек сіңірген әртісі Дьюла Харангозо, Қырғызстанның еңбек сіңірген әртісі Айгүл Мұраталиева, Жапон балет қауымдастығының директоры Кацухиро Кодама, Корей театры балеттік труппасының жетекшісі Юн Сун-Хунг, Хаджеттеп университетінің Анкара мемлекеттік консерваториясының хореография факультетінің директоры Мюриде Сун Аксан (Түркия) және т.б болды.
2018 жылдың қараша айында өткен «XXI ғасыр балеті» Халықаралық балет форумында Халықаралық балет өнері байқаулары федерациясының Ассамблеясы «Өрлеу» хореографиялық оқу орындарының халықаралық байқауын Федерация құрамына қосу туралы шешім қабылдады.
Байқау келесі номинациялар бойынша өтеді: 1. «Классикалық би» 3 жас санатында: кіші, орта және үлкен топ; 2. Халықтық-сахналық, халықтық, халық фольклоры, халықтың стильдендірілген би 2 топта: А - 16-19 жас аралығындағы кәсіптік оқу орындарының студенттері, Б - 15-20 жас аралығындағы жеке мектептер мен өнер колледждері; 3. «Заманауи хореография» (contemporary, джаз-модерн, неоклассикалық, басқа да бағыттар) 2 топта: А - 16-19 жас аралығындағы кәсіптік оқу орындары (жоғары топ), В - 19-дан 23 жасқа дейін жастағы театрлар мен басқа да би ұжымдарының әртістері.
Байқау 2 жыл сайын өткізіледі.
I байқау (2008) Алты елден 110 қатысушы болды, 72 қатысушы лауреат және дипломант атанды.
ІІ байқаудың (2010) ашылуында Мемлекеттік академиялық би театры әртістерінің орындауындағы Б.Аюхановтың қойылымы «Мариус Петипаға арнау» балеті көрсетілді. 12 елден 125 үміткер қатысып, 81-і лауреат және дипломант атанды.
III байқау (2012) Қазақстандағы хореографиялық білімнің дамуына үлкен үлес қосқан ҚР еңбек сіңірген қайраткері Қ.И.Мурзаханованы еске алуға арналды. 12 елден 125 үміткер қатысып, 73 қатысушы лауреат атанды.
IV байқау (2014) А.Селезнев ат. АХУ мерейтойына және КСРО халық әртісі Рамазан Баповты еске алуға арналды. Байқауға әр елден 120 үміткер қатысып, 51 қатысушы лауреат және дипломант атанды.
V байқау (2016) Александр Селезневтің туғанына 110 жыл, Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығы, Алматы қаласының 1000 жылдығына арналды. 9 елден 121 адам қатысып, 48 қатысушы лауреат атанды.
VI байқау (2018) 10 елден 150-ден астам адам қатысып, 29 АХУ оқушылары және басқа оқу орындарынан 30-дан астам қатысушы лауреат атанды.
VII байқау (2021) «Онлайн» форматында өтті және фестивальмен біріктірілді.
VIII байқау (2023) 5 елден 193 адам қатысып, 42 қатысушы лауреат, 17 қатысушы дипломант атанды.
Библиография
- Алматинское хореографическое училище имени А.Селезнева. Книга-Альбом / Главный редактор Д.К.Досбатыров. - Алматы, 2019 - 240с.
- Қазақстан хореографиясының алтын бесігі: Училище тарихы/Бас редактор Қалиева А.Ж. - Алматы: “Литера”, 2016ж.-618б.; ил. қазақша, орысша