ПШЕНБАЕВА Гүлнара Рамазанқызы
Өмірбаяны
(12.02.1966 ж., Балқаш қ.) - биші. Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі (1995 ж.),
Республикалық эстрада-цирк өнері студиясын бітірген (1983 ж.), педагогтары: С.Л.Тулусанова, Қ.Н.Андосов, Г.Н.Бейсенова.
1983-1985 - Мәскеудегі эстрада әртістерінің шығармашылық шеберханасында тағылымдамадан өтті. ҚазКСР Халық әртістері С.Шүкіров пен С. Қабиғожинаның «Бұл әлем қандай керемет» бағдарламасында жұмыс істей жүріп, Мәскеу қаласында өткен Бүкілодақтық эстрада әртістерінің байқауына қатысты (1985 ж.).
1985-1992 - «Қазақконцерт» гастрольдік-концерттік бірлестігінің солисі, «Гүлдер» мемлекеттік жастар-эстрадалық ансамблінің әртісі. 1992 жылдан бастап «Сазген» фольклорлық-этнографиялық ансамблінде солист болып жұмыс істеді, онда А.Тәтимен жұптасып биледі. Шығармашылық дуэт балетмейстер Г.А.Орумбаеваның «Жайлауда», «Туған жер», «Қайран жиырмас бес», «Тентектер», «Наз» хореографиялық композицияларымен түрлі байқаулар мен халықаралық фестивальдерде танылды. Ш.Жиенқұлова ат. І-Республикалық қазақ би байқауының лауреаты (1-орын, 1992 ж.).
«Гүлдер» мемлекеттік жастар-эстрадалық ансамблі мен «Сазген» фольклорлық-этнографиялық ансамблінің құрамында Қазақстанның мәдениет күндері шеңберінде барлық үкіметтік концерттер мен мәдени-бұқаралық іс-шараларға, таяу және алыс шет елдерде гастрольдік сапарларға қатысып, жоғары кәсіби деңгейде Қазақстанның би мәдениеті мен өнерін көрсетті.
1996 жылдан Белградта (Сербия) жеке орыс балет мектебінде сабақ береді.