САЙФУЛИН Равиль Набиулаұлы
Өмірбаяны
САЙФУЛИН Равиль Набиулаұлы (26.10.1952, Алматы қ.) - балет әртісі, балетмейстер, педагог-репетитор. ҚазКСР Ленин комсомолы сыйлығының лауреаты (1971), Қазақстан Республикасы Мәдениет қайраткері (2005), «Еңбек даңқы» медалі (2018).
1964-1970 - А.В.Селезнев атындағы Алматы хореография училищесінде «Балет әртісі» мамандығы бойынша оқыған, педагогтары: Р.С. Бапов, М.Е. Мунтин, Ш.Б.Жиенқұлова.
1970-1972 - Абай атындағы Мемлекеттік академиялық опера және балет театрының балет әртісі. Барлық балет және опера спектакльдеріне қатысты.
1972-2002 - «Алматының жас балеті» Мемлекеттік ансамблінің солисі. «Қазақ кәдесыйлары» балетінде Тұлпар рөлінде дебют жасады (муз. Е.Брусиловский, хореограф. Б.Аюханов). «Батырлар» балетіндегі Садақ рөлі (музыкасы А. Исаков, балетмейстер Б. Аюханов) оның сан қырлы орындаушылық қабілетін аша түсті. Б.Аюханов А.Скрябиннің музыкасына «Үш көңіл-күй» концерттік нөмірін Р.Сайфулин мен балерина Ш.Мұсахановаға арнап қойды. «Алматының жас балеті» Мемлекеттік ансамблінде басты партиялар: Хозе («Кармен-сюита», муз. Ж.Бизе - Р.Щедрин, хореограф. Б.Аюханов), Бекежан («Қыз Жібек», муз. Е.Брусиловский, хореограф. Б.Аюханов), Лаэрт («Гамлет», муз. А.Исаков, хореограф. Б.Аюханов), «Корсар» балетінен pas-de-deux (муз. А.Адан) орындады және басқа ансамбльдермен бірге КСРО мен шет елдерге (Франция, Италия, Болгария, Сирия, Ирак, Иордания) гастрольдік сапарларға шықты.
2002-2020 - Сүйінбай атындағы Алматы облыстық филармониясы «Алтынай» халық би ансамблінің балетмейстері және педагог-репетиторы (Талдықорған қ.), сонымен қатар филармония директорының орынбасары, көркемдік жетекшісі және режиссері қызметін атқарды. Көптеген мәдени-бұқаралық іс-шараларды өткізуге қатысты: ұлттық Дельфий ойындары, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы саммиті, Н.Алдабергеновтің 100 жылдығы, Кореядағы мәдениет күндері және т. б.
2020 жылы «Әдемі» жеке балет мектебін ашты, онда классикалық және халықтық-сахналық билерден сабақ береді.