"АСТАНА ОПЕРА" МЕМЛЕКЕТТІК ОПЕРА ЖӘНЕ БАЛЕТ ТЕАТРЫ
Өмірбаяны
«Астана Опера» театры 2013 жылы Астана қаласында ашылды. Театр Орталық Азияда ғана емес, бұрынғы кеңестік елдердің көпшілігіндегі ең үлкен театр; Сәулет өнерінің ең үздік классикалық дәстүрінің бірі - неоклассикалық стильде салынған. Әрине қазақтың ұлттық нақышы да жоқ емес. Жоба авторы итальяндық сәулетші Беджет Паколли. Мүсіндік композициялардың авторлары қазақстандық мүсіншілер М.Мансұров, Т.Ермеков, Қ.Нұрбатуров. Театрда 2 зал бар: үлкен зал (1250 орындық) және камералық зал. Соңғысында көбіне концерттер өтеді. Театр заманауи техникамен жабдықталған. Мұнда театр сценографиясы әлеміндегі ең озық жаңашылдықтар қолданылады.
Театрда әлемге танымал музыка жұлдыздары өнер көрсетті: Пласидо Доминго, Елена Образцова, Валерий Гергиев, Хосе Каррерас, Анна Нетребко, Светлана Захарова, Ильдар Абдразақов және т.б. «Астана Опера» театрында Миланның Ла Скала театрының, неаполитандық Сан-Карло, Карло Феличе театрының, Париж ұлттық операсының және Мариинский театрының гастрольдері болды. 2014 жылы шығармашылық топтың әлемдік гастрольдік сапары келесі бағыт бойынша өтті: Нью-Йорк-Торонто-Париж-Антверпен-Роттердам; сонымен қатар Маскат Корольдік театрында (Оман), Graz Opera (Австрия); Мариинский театры (Санкт-Петербург, Ресей), Theatro Municipal (Бразилия), Рим операсы (Рим, Италия), «Карло Феличе» театры (Генуя, Италия), Королева Софияның өнер сарайы (Валенсия, Испания), Үлкен театр (Мәскеу, Ресей) ). Шығармашылық ұжым екі мәрте лауреат атағын алды: А.Жұбанов пен Л.Хамидидің «Абай» операсы үшін Қазақстан Республикасының әдебиет және өнер саласындағы Мемлекеттік сыйлығы (2018 ж.) және классикалық өнер саласы бойынша «Театральная площадка года» номинациясында (Ресейдің Үлкен театры, 2019 ж.) халықаралық «BraVo» сыйлығы.
Жас шығармашылық ұжым әуел бастан-ақ үздік репертуар құруға бет бұрып, әлемдік музыкалық театрдың танымал режиссерлері мен хореографтарын шақырды. Театрдың репертуары өте кең: әлемдік классикадан бастап ұлттық опера және балет өнерінің үздік үлгілері мен заманауи хореографтар мен опера композиторларының қойылымдарына дейін. Театрдың алғашқы директоры атақты композитор Т.Мұхамеджанов болды. Театрда опера және балет труппасы, оркестр және хор бар.
Ең алғашқы балет спектаклі хореография шебері Ю.Григоровичтің қойылымындағы «Ұйқыдағы ару» болды. Театрдың бас балетмейстері ретінде Т.Нұрқалиев тағайындалып, ол аз уақыттың ішінде қызықты әрі бай репертуар және мықты кәсіби труппа құра алды. Труппа негізінен К.Байсейітова ат. ҰОБТ әртістерінен тұрды. Өйткені сол уақытта бұл театр, яғни К.Байсейітова ат. ҰОБТ өз қызметін тоқтатқан болатын. Бұл кезеңде «Астана Опера» театры репертуарында Ю.Григоровичтің («Ұйқыдағы ару», «Спартак», «Щелкунчик»), Б.Эйфманның («Роден»), Шарль Жюдтың («Ромео мен Джульетта»), Т. Нұрқалиев пен Г. Бурибаеваның («Бахчисарай бұрқағы», «Баядерка») қойылымдары жүріп жатты. Балет труппасы конкурстық іріктеу арқылы қабылданып, оның құрамына әртүрлі елдердің танымал хореографтары кірді. Жаңа балет театрының бастауында тұрған жетекші солистер: Ж.Әубәкіров, Т. Гатауов, М.Басбаева, Г.Усина, С.Кауков, А.Рүстемова, Р.Сейітбеков және тағы басқалар.
2016 жылы А.Асылмұратова театрдың балет труппасының көркемдік жетекшісі қызметіне шақыру алды. Оның жетекшілігімен балет труппасы сахна өнерінде жаңа деңгейге көтеріліп, әлемдік және батыс балет классикасының інжу-маржандарымен репертуарын кеңейтті. Театр сахнасында Кеннет Макмилланның («Манон»), Ролан Петидің («Париж Құдай Анасының соборы» және «Коппелия»), Иржи Килианның («Алты би», «Кішкене өлім») бірегей авторлық қолтаңбасы бар заманауи танымал хореографтардың: Раймондо Ребек («How long is Now?, «Бетховен -Мәңгілік - Махаббат», «Күлбике»). қойылымдары сахналанды. А.Асылмұратованың өзі балет труппасының репертуарында классикалық мұра балеттерінің түпнұсқа, үздік редакциясы болуын қамтамасыз ету үшін жұмыс істейді. Ол өз тарапынан «Аққу көлі», «Корсар», «Жизель», «Дон Кихот», «Бахчисарай бұрқағы», «Пахита», «Шопениана» сияқты балеттердің қойылымын жүзеге асырды. М.Фокиннің «Шахеразада» балетінің бірегей нұсқасының қойылымын жасау үшін Андрис Лиепа шақырылды. Сондай-ақ труппа өз репертуарын ұлттық тақырыптағы балеттермен толықтыруда: В.Усманов қойылымындағы «Қарагөз», К.Звереваның «Sounds of Time», Патрик де Банның хореографиясындағы «Дала үні» балеттері.
Балет труппасы Үлкен театрда, Италия мен Испания театрларында сәтті өнер көрсетті. Әр жаңа маусым сайын балет труппасы орындалатын спектакльдердің жанрлық-стильдік ауқымын кеңейтіп қана қоймай, педагог-репетиторлардың: Е. Шерстнева, К. Заклинский, Д. Зайнуллина, Г. Бегалина, Г. Р.Сейітбеков жетекшілігімен жаңа орындаушылық деңгейге көтеріледі. Балет труппасының жетекші солистері тек өз сахнасында ғана емес, сонымен қатар белгілі әлемдік театрлардың сахналарында өнер көрсетуге белсенді шақырылады: М.Өнербаева (Басбаева), Б.Адамжан, А.Бекетаева, С. Нақыспеков, Е.Рахматуллаев, Ш.Әдепхан және т.б.