СТЕПАНОВ Лев Борисович
Өмірбаяны
(1908, Томск қ. - 1971, Мәскеу қ.) - кеңес композиторы, пианист, екінші дәрежелі Сталин сыйлығының лауреаты (1951), Ұлы Отан соғысының қатысушысы, медальдармен марапатталған, оның ішінде «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысындағы Германияны жеңгені үшін».
Алғашқы музыкалық білімін пианист ретінде алды; П. И. Чайковский ат. Мәскеу мемлекеттік консерваториясын композиция класы бойынша, шебер педагог Н. Я. Мясковскийде бітірді (1938).
1930-1933- Мосэстрада мен радио орталығының пианист-сүйемелдеушісі. П. И. Чайковский ат. Мәскеу мемлекеттік консерваториясы опера сыныбының концертмейстері;
1933-1935 - Батыс аз ұлттар Коммунистік университетінің үгіт-насихат ұжымының көркемдік жетекшісі;
1935-1937 - мемлекеттік академиялық Үлкен театрдың концертмейстері;
1937-1941 - КСРО Мемлекеттік академиялық халық би ансамблінің музыкалық жетекшісі (И. А. Моисеевтің басшылығымен).
РСФСР жетекші театрларының сахналарында қойылған опералар мен балеттердің авторы. 1957 жылы 15 шілдеде тұсауы кесілген «Жоңғар қақпасы» қазақ балетіне музыка жазды. Бір жылдан кейін театр басшылығы балетті қайта қарауды шешеді, Л.Степановтың музыкасына жас қазақ композиторы Н. Тілендиев пен балет дирижері Е. Манаев өз музыкаларын қосады. Қоюшы Ю. Ковалевке балетмейстер Д. Әбіров қосылады, ол пантомималық көріністерді қайта жасайды, қазақ билерін редакциялайды. Жаңа қойылымда балет «Достық жолы» деп аталды, премьерасы 1958 жылы 5 шілдеде өтті. Балет Мәскеудегі қазақ өнері мен әдебиеті онкүндігінде ұсынылды (1958).