ТАПАЛОВА Нұрсұлу Елубайқызы
Өмірбаяны
13.09.1923 ж., Орал губерниясы, Ойыл уезі (Қазіргі Ақтөбе облысы) – 13.11.1998, Алматы қ.
Балет әртісі, киноактриса. ҚазКСР еңбек сіңірген әртісі (1954).
1931-1936 жылдары Ойыл ауданының қазақ жеті жылдық мектебінде оқыған.
1934 жылдан бастап Ойыл колхоз-совхозының қазақ драма театры болып қайта құрылған көркемөнерпаздар труппасында би билеп, ән айтып, өлең оқыды.
1936 жылы Мәскеуде өткен Қазақ өнері мен әдебиетінің бірінші онкүндігінде қазақ театрының, әсіресе оның үздік өкілдері Күләш Байсейітова мен Шара Жиенқұлованың тамаша табысы туралы білген Нұрсұлу ата-анасының қалауынсыз Алма-Атаға аттанады.
1936-1939 – Қазақ музыкалық театрының студиясында А.Александров, Л.Жуков, А.Чекрыгин мұғалімдерінен балет білімін алды. Ол театр сахнасында өнер көрсету арманын тез арада жүзеге асырғысы келгендіктен Мәскеуге немесе Ленинградқа оқуға барудан бас тартты.
1937-1939 – Қазақ мемлекеттік опера және балет театрының кордебалет әртісі. Студияда оқумен қатар репертуардағы қойылымдарда өнер көрсетеді. «Қыз Жібек» операсы мен «Қалқаман мен Мамыр» балетінде Шара Жиенқұлованың дублеры болды.
1939-1940 – Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрының балет солисі.
1940-1953 – Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрының жетекші балерина.
Репертуары: Зарема («Бахчисарай бұрқағы»), Дариға (бірінші орындалуы, «Көктем»), Хасинта (бірінші орындалуы, «Лауренсия»), Назым («Камбар және Назым»), Солист («Қазақ би сюитасы»), Мерседес («Испан каприччио»), Испан биі («Аққу көлі»), 4 құрбының бірі («Қалқаман мен Мамыр»). «Қыз Жібек», «Абай», «Біржан Сара», «Дударай», «Назигум» және т.б. ұлттық операларда жеке билерді орындаушы.
Зарема партиясында Нұрсұлу Тапалованың драмалық мәнерлілігі ерекше нақышпен ашылды. Дәл осы партияда балерина Г.Уланованың лайықты серіктесі бола алды, Г.Уланова эвакуацияда болған кезде 1942-1943 жылдардағы театр маусымында сахнада «Бақшасарай бұрқағы» спектаклінде Мария партиясын орындады.
1953-1975 – Казақконцерт және Жамбыл атындағы Қазақ Мемлекеттік филармониясының жеке бишісі. Оның репертуарында қазақ, қырғыз, өзбек, әзірбайжан, орыс және басқа да билер болды.
1958 – Нұрсұлу Тапалова концерттік бағдарламамен Мәскеудегі қазақ өнері мен әдебиеті онкүндігіне қатысты.
Ол алғашқы қазақ кинофильмдерінде ойнады: Сабира «Ақ раушан» фильмінде (1943 ж.), Салтанат «Жамбыл» фильмінде (1952 ж.).
1947-1949 – Алматы қалалық Кеңесінің депутаты.
Марапаттары: «Тың жерлерді игергені үшін» медалі (1957). «Құрмет Белгісі» орденінің иегері (1959).
Библиография
- Сарынова Л. П. Балетное искусство Казахстана – Алма-Ата: «Наука» КазССР, 1976. – 176 с. – С. 5, 63, 71, 72, 161.
- Ашық интернет-ресурстардан алынған фотосуреттер.
Сілтемелер
- Вечный свет в красоте танца Нурсулу Тапаловой… – URL: https://dknews.kz/ru/chitayte-v-nomere/205838-vech... (05.02.2023 қол жеткізген).