ҒАЖАЙЫП МАНДАРИН

23.11.2023  | Автор: Мусинова А.А.

Өмірбаяны

Бір актілі балет-пантомима.

Композиторы - Бела Барток. Либретто - Мельхиор Лендьел (Менихерт Лебович), Вячеслав Гончаров. Хореография және қоюшы - Вячеслав Гончаров, Жоғары хореография мектебінің дипломдық жұмысы (қазіргі - Т.Қ. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы хореография факультеті). Қоюшы-суретші - Орынбасар Жаңбыршиев.

Премьера 2001 жылы 21 маусымда Абай атындағы Мемлекеттік академиялық опера және балет театры сахнасында, бір кеште Гүлжан Туткибаеваның хореографиясындағы «Жан ғарышы» және «Маскалар театры» бір актілі балеттерімен бірге өтті.

Кейіпкерлер мен орындаушылар: Қыз - Құралай Сарқытбаева; Мандарин - Жанат Қартамысов; Жезөкшелер үйінің қожайыны - Дмитрий Сушков; Қарақшылар - Ержан Досқараев, Ұлан Бәденов; Студент - Аманкелді Юсупов; Мас қонақ - Әміржан Шаханов.

Үлкен қаланың тығыз орналасқан сүреңсіз шалғайлары. Үлкен күңгірт бөлмеде үш қарақшы келушілерді тарту үшін көше сылқымын билеуге мәжбүрлейді. Алдымен Мас келушінің, сосын Студенттің қалтасынан құнды ештеңе таппаған қарақшылар, оларды қуып жібереді.

Сылқымның еліктірер биіне үшінші болып қытайлық Мандарин көңіл аударады. Бейтаныс әлемнен келген адам өзінің арбаушысына алара қарап, бойын құмарлық билейді. Ұзақ уақыт бойы қыздың соңынан қалмай, оны құшақтауға тырысады. Ақырында үш қарақшы қауіпті бейтаныс адамның көзін құрту үшін жасырынған жерінен шығады.

Мандаринді тонағаннан кейін, олар оны өлтірмекші болады. Алайда Мандарин тағы да қызға ұмтылады. Тек қызды құшақтап, құмарланып шексіз қуанышқа бөленгенде ғана өлместік сиқырының күші жойылады. Мандарин қансырап өледі.