"ТОМИРИС" БИ АНСАМБЛІ
Өмірбаяны
Ансамбль 2001 жылы Қызылорда облысы мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының «Қызылорда облыстық филармониясы» Мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорнында құрылды. 2020 жылдан бастап, ансамбльдің көркемдік жетекшісі - М.Тойбазарова, бас балетмейстер - Г. Мырзабаева.
Ансамбльдің репертуарлық қорында 100-ге жуық би қойылымдары бар. Онда қазақ халық билері ерекше орын алады. Г.Мырзабаеваның хореографиялық композициялары қазақ халқының тарихы мен дәстүрлі мәдениетіне арналған. «Тәңірге табыну», «Сақ сұлулары», «Салтанат», «Аққу-қыз» билері түрлі деңгейдегі байқауларда, фестивальдарда жүлделі марапаттарға ие болды. Ұжым облыстың белгілі мамандарын да, жас хореографтарын да (З. Әжібекова, Н.Таир, Б. Агияр және т. б.) қойылымға шақырады.
Шығармашылық ұжым түрлі мәдени іс-шаралардың белсенді қатысушысы болып табылады: «Орынбор-Ақмешіт-Алматы-Астана» өнер керуені - Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 жылдығын мерекелеу шеңберінде «20 жұлдызды күн» шеруі (2011); Наурыз мерекесі кезінде Түркияның ірі қалаларында концерттер (Есикишехир, Стамбул, 2013); ғарыш айлағының 60 жылдығы «Байқоңыр» (2013); Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған мерекелік іс-шара (Тараз, 2015); Түркиядағы Түркітілдес елдердің Ұлы күніне арналған «ТҮРКСОЙ» халықаралық ұйымы аясындағы өнер фестивалі (2016 жылғы 20-26 наурыз) және АҚШ қалалары (Нью-Йорк, Вашингтон, 2016 жылғы 27 наурыз-3 сәуір); «ЭКСПО-2017» (Астана); шейх Заид ат. халықаралық фестиваль (БАӘ, Абу-Даби, 2018, 2019).
Ансамбль -Халықаралық шығармашылық жастар «Шабыт» фестивалінің ІІІ сыйлығының лауреаты (Астана, 2002); «Харман - - фольклор» ІІ- Халықаралық фестивалінің сыйлығының лауреаты (Анталия, Түркия, 2011). Шара Жиенқұлова атындағы VІ- Республикалық қазақ би байқауының ІІ- сыйлық лауреаты (Астана, 2023).