ВСЕВОЛОДСКАЯ-ГОЛУШКЕВИЧ Ольга Всеволодовна
Өмірбаяны
(16.04.1917 ж., Петроград қ. - 21.12.1993 ж., Мәскеу қ.) - биші, актриса, театр қайраткері, зерттеуші, педагог-балетмейстер. РСФСР-нің еңбек сіңірген мәдениет қызметкері (1978 ж.), ҚазКСР-нің еңбек сіңірген өнер қайраткері (1988 ж.).
Ленинград хореографиялық училищесін бітірген (1938 ж.), педагог А. Я. Ваганова.
1936-1939 - Т. Г. Шевченко ат. Киев опера және балет театрының балет әртісі.
1939-1943 - Михайлов театрының балет әртісі (Ленинград қ.). Ұлы Отан соғысы кезінде (1941-1945) майдан бригадаларымен бірге концерттерге қатысты.
1944 жылдан «Мосэстрада» концерттік бірлестігінің солисі болып, эстрадада өнер көрсете бастады.
1956 жылдан өмірінің соңына дейін Мәскеу көркем академиялық театрының К. Станиславский мен В. Немирович-Данченко ат. мектеп-студиясында педагогикалық және балетмейстерлік қызметпен айналысты. Ол киноларға түсті және драма театрларында билер қойды («Соло для часов с боем», спектаклі, МХАТ, 1973), теледидарда өнер көрсетті, бүкілодақтық «Советский балет» журналының тұрақты авторларының бірі болды.
1973 жылдан бастап Қазақстанның хореографтарымен, соның ішінде «Алтынай» мемлекеттік халық би ансамблімен, бишілер Т. Ізім мен Ү. Мақан үшін «Шалқыма» (муз. С. Әлиев); «Қылышпан-би» (муз. Раздық); «Айда-былпым» (муз. А. Байтұрсынұлы), «Айқосақ», «Ортеке» және «Бақсы» (муз. халық); жұптық билері: «Келіншек» (муз. Байжігіт), «Жастар би» (муз. Соқыр Ещан) билерін қойды. Ансамбльге «Киіз басу», «Кербез», «Алқа қотан», «Бастау», «Сайыс», «Ақат» және т. б. композицияларын сахналады.
Қазақ би фольклорының зерттеушісі. Оның іздестіру-зерттеу қызметінің нәтижесінде «Пять Казақхских танцев» (1988 ж.), «Школа казахского танца» (1994 ж.), «Баксы ойыны» (1996 ж.) атты іргелі еңбектері жарық көрді. Бұл еңбектер қазақ биін, оның би лексикасын, оқыту әдіснамасын дамытуда ерекше мән беретін танымдық іргелі еңбектері болып табылады.