ХАЛЫҚАРАЛЫҚ БИ ФЕСТИВАЛІ "BALLET GLOBE INTERNATIONAL DANCE FESTIVAL"
Өмірбаяны
Халықаралық би фестивалі. Бірінші фестиваль 2012 жылы Алматы қаласында өтті. Негізін қалаушы және құрылтайшысы – Еран Андағұлов.
Мақсаты - бір шығармашылық алаңда әлемдік балеттің үздік бишілерімен ынтымақтастықта Қазақстан балет әртістерінің орындаушылық шеберлігінің жоғары деңгейін көрсету. Міндеттері - ұлттық және әлемдік балет жұлдыздарының, заманауи бидің, белгілі хореографтардың қатысуымен мәдени іс-шараларды ұдайы ұйымдастыру; Халықаралық шығармашылық байланыстарды кеңейте отырып, классика мен қазіргі заманды үйлестіретін бірегей қойылымдар жасау.
Фестиваль географиясы 50-ден астам қатысушы елдерді, Абай атындағы Қазаз ұлттық опера және балет театры, «Астана Балет», «Астана Опера», Париж операсы, Ресейдің Үлкен театры, Корольдік опера (Лондон), Мариин театры (Санкт-Петербург), Вена мемлекеттік балеті, Дания ұлттық балеті, Нидерланды би театры, Монте-Карло балеті, Штутгарт балеті, Ағылшын ұлттық балеті, Нью-Йорк Сити балеті, Американдық балет театры және т.б. театрларының 120-ға жуық бірінші солистерін қамтиды.
Фестиваль елдегі мәдени және туристік әлеуетті дамытуға ықпал етеді. Ол жыл сайын Қазақстанның жетекші театрлары мен концерттік алаңдарының сахналарында өткізіледі. Фестивальдің іс-шараларына 11 жыл ішінде 450 мың көрермен келіп, 3,5 миллион көрермен онлайн қарады.
Әр фестивальге өзіндік тұжырымдама жасалады.
2023 жылы фестиваль форматы алғаш рет заманауи бағыттағы репертуарды ұсынатын Сontempo by Ballet Globe бағдарламасымен кеңейтілді. CONTEMPO жобасында 3D mapping - декорациялардың ультра заманауи және технологиялық нұсқасын қолдана отырып, заманауи өнер саласындағы озық әлемдік технологиялар пайдаланылды.