ҚАРАБАЛИНОВА (ҚАРАБАЛИНА) Камыш
Өмірбаяны
ҚАРАБАЛИНОВА (ҚАРАБАЛИНА) Камыш
22.08.1922, Бурабай курорты, Көкшетау облысы Щучье ауданы – 16.09.1996, Алматы қ.
12.06.1959 жылдан кейін – Қарабалина.
Балет әртісі. Қазақ КСР еңбек сіңірген әртісі (1959).
1930-1936 жж. – Алматыға көшкеннен кейін орта мектептің 5 сыныбын бітірді. Ол Алматыда орналасқан Куйбышев жылжымалы опера студиясында сабақ алды. Педагогтері: А.А.Александров, Л.А.Жуков, А.И.Чекрыгин.
23.09.1936 – 02.01.1967 – Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрында биледі. Ол 14 жасында кордебалет әртісі болып қабылданды. 1944 жылдың 16 желтоқсанынан бастап балет солисі.
Балет спектакльдеріндегі репертуары: Дәметкен («Қамбар мен Назым»), «Өзбек биі» («Бақыт жағалауы», «Берег счастья»), «Венгр биі» («Аққу көлі»).
Е.Брусиловскийдің «Қыз Жібек» және «Жалбыр», А.Жұбановтың «Абай», М.Төлебаевтың «Біржан мен Сара», К.Кужамьяровтың «Нузугум» операларында жеке билер. «Балбырауын» мен «Былқылдақ» билерін үздік орындаушылардың бірі. 1964 жылы Үндістанда концерттік бригадамен гастрольдік сапарда болды.
Қ.Қарабалинова қазақ балет театрының дамуына, ұлттық хореографиядағы би дәстүрінің қалыптасуына үлкен үлес қосты. Бишінің орындаушылық шеберлігі жұмсақ лиризммен, ерекше қол пластикасымен, мәнерлі биімен ерекшеленді.
Марапаттары: «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысындағы ерен еңбегі үшін» медалі (1945); Қазақ өнерін дамытудағы ерекше жетістіктері үшін және Мәскеуде өткен қазақ өнері мен әдебиетінің онкүндігіне байланысты «Құрмет белгісі» орденімен (17.01.1959); ҚазКСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасы. (1967).
Библиография
- Абай атындағы ҚазҰТОБ мұрағатынан Қамыш Қарабалинованың жеке ісі.
- Сарынова Л.П. Балетное искусство Казахстана. – Алма-Ата, «Наука» КазССР, 1976. – 176 с.
- Хореографы Казахстана. Иллюстрированный информационный справочник (1934 – 2012 гг.) под общей редакцией Накипова Д.Ю. – Алматы, 2012. – 204 с. – Стр. 36.
- Qazaq Ballet – Балерина Камыш Карабалинова. 100 лет. – Facebook – Адрес URL: https://www.facebook.com/story.php?story_fbid=1037205916986625&id=131745560866003&m_entstream_source=permalink (дата обращения 17.03.2023).