ҚЫЗ ЖІБЕК (ҚазҰОБТ)
Өмірбаяны
4 актілі музыкалық пьеса.
Композитор - Евгений Брусиловский, халық музыкасын өңдеу негізінде. Либретто - Ғабит Мүсірепов. Қоюшы режиссерлері - Жұмат Шанин, Құрманбек Жандарбеков. Хореография және қойылымы - Александр Мартиросьянц (Александров). Қоюшы-суретші - Анатолий Ненашев. Қоюшы-дирижер - Федор Кузьмич.
Қазақ мемлекеттік музыкалық театры (қазіргі - Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театры ) спектаклінің премьерасы 1934 жылы 7 қарашада Қазақ мемлекеттік драма театрының сахнасында өтті. Өйткені музыкалық театрдың әлі жеке сахнасы болмаған.
Спектакль «Айжан-қыз», «Киіз басу», «Шашу», «Алты қаз», «Былқылдақ», «Қаражорға», «Садақ би», «Көкпар», «Боцай», «Қазақ маршы», «Түркімен биі», «Иран биі», «Ақбала қыз», «Зұлым рухтың биі», «Арап биі» сияқты бірқатар би нөмірлері мен көріністерге көрік берді.
Солистер: Шара Жиенқұлова, Екатерина Лифанова, Құрманбек Жандарбеков, С.Абсолямова, Г.Измайлов, И.Кулатаев.
1936 жылы мамырда Мәскеуде қазақ өнері мен әдебиетінің бірінші онкүндігі өтті. 10 мамырда Үлкен театр филиалының сахнасында «Қыз-Жібек» операсын көрермендер ыстық ықыласпен қабылдады.
ЖАҢАРТУ. 1954 жылы хореограф Дәурен Абіров би көріністерін жаңартты. Халықтық сахналық билер өңделіп, «Алты қаз», «Қыз-Жібектің түсі» би көріністері балет труппасының кәсіби деңгейіне сай, пуантамен қайта қойылды. Ол үшін операға музыкалық үзінділер қосылды. Кейін Д.Абіров би сахналарының бірнеше нұсқасын жасады.
ЖАҢА ҚОЙЫЛЫМ. 2005 жылы 8 желтоқсанда Қ.Байсейітов, Қ.Жандарбеков, Е.Брусиловскийдің 100 жылдығына орай жаңа туындының премьерасы болды. Режиссер - Ғафиз Есімов. Хореографиясы және би көріністерін қоюшы - Айгүл Тати. Қоюшы-дирижер - Нұрлан Жарасов.
ЖАҢАРТУ. 2020 жылдың 26-27 желтоқсанында Қ.Байсеиітов, Қ.Жандрабеков, Е.Брусиловскийдің 115 жылдығына орай музыкалық купюраларды фрагменттермен ашқаннан кейін қалпына келтірілген спектакльдің премьерасы өтті. Соның арқасында уақыт өте келе жоғалып кеткен «Қыз-Жібектің түсі» сахнасы қойылымға қайта оралды. Режиссері - Михаил Панджавидзе (Ресей). Би көріністерінің хореографиясы - Айгүл Тати. Би көріністерін қоюшы - Гүлжан Туткибаева. Қоюшы-дирижер - Қанат Омаров.
Драматург Ғ.Мүсірепов қазақтың атақты «Қыз-Жібек -Төлеген» эпосы бойынша рулық алауыздық пен Төлегеннің бақталасы Бекежанның айла-шарғысынан бірге бола алмаған ғашықтар Қыз-Жібек пен Төлеген туралы осы аттас драмалық пьеса мен сценарий жасады. Ғ.Мүсірепов нұсқасында эпос осы оқиға аясында аяқталады. Бұл музыкалық-драмалық қойылымның қазақ өнерінде алар орны ерекше. Ол ұлттық операның, ұлттық балеттің дамуының негізі және Қазақстанның ұлттық өнерінің «алтын қоры» болып табылады.