МӘМБЕТОВ Әзірбайжан Мәдиұлы

24.11.2023

Өмірбаяны

02.09.1932 ж., Савинка ауылы, Нижне-Волжск өлкесіндегі Еділ немістерінің АССР, Палласовский кантоны – 2009 жылғы 17 қараша, Астана.

Театр және кино режиссері, педагог. Қазақ КСР еңбек сіңірген өнер қайраткері (1961 ж.), К. Байсейітова ат. Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты. (1965 ж.), Қазақ КСР Халық әртісі (1970 ж.), Қарақалпақ АССР Халық әртісі (1972 ж.), КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты (1974 ж.), КСРО Халық әртісі (1976 ж.), профессор (1979 ж.), «Халық Қаһарманы» атағы Алтын Жұлдыз және «Отан» орденімен бірге (2000).

1952 жылы Н. В. Гоголь ат. Алматы театр-көркемсурет училищесінің актерлік факультетін және сонымен қатар қазақ хореографиялық училищесінің би бөлімін бітірген. Оқу барысында Қазақ КСР ән-би ансамблінің солисі болды.

1952-1957 – А.В. Луначарский ат. ГИТИС-тің режиссерлік бөлімінде оқыды, Н.Горчаков пен А. Гончаровтың шеберханасы. 1970 жылдары - «Мосфильм» киностудиясында тағылымдамадан өтті.

1957-1965 – М.О.Әуезов ат. Қазақ академиялық драма театрының режиссері.

1965 жылдан М.О.Әуезов ат. Қазақ академиялық драма театрының бас режиссер, 1970 жылдан - директоры.

М.О.Әуезов ат. Қазақ академиялық драма театрының «Алтын қорын» құрған драмалық спектакльдердің қоюшы-режиссері: «Абай» (1961 ж.), «Ана -Жер-Ана» (1964 ж.), «Қобыланды» (1965 ж.), «Қозы Көрпеш - Баян Сұлу» (1971 ж.), «Қан мен тер» (1974 ж.), «Көктөбедегі кездесу» немесе «Фудзияма басына шығу» (1975) және басқалар.

1970 жылдардың аяғында «Мосфильм» киностудиясында тағылымдамадан өтті.

1978-1980 – «Қазақфильм» киностудиясының директоры.

1980-1995 – М.О.Әуезов ат. Қазақ академиялық драма театрының көркемдік жетекшісі.

1981-1995 жылдары ҚазКСР театр қайраткерлер Одағының мүшесі, 1995-1999 - төрағасы.

1999-2008 – Қ. Қуанышбаев ат. Қазақ мемлекеттік музыкалық-драма театрының көркемдік жетекшісі.

1979-2000 жылдары Алматы театр-көркемсурет институтының профессоры.

1966 жылы 21 мамырда Абай атындағы мемлекеттік театр сахнасында тұсауы кесілген Ғазиза Жұбанованың музыкасына жазылған «Ақ құс туралы аңыз» балетінің либреттосының авторы.

Балет сарапшысы Людмила Сарынова либреттомен жұмыс істеу бірқатар қиындықтармен байланысты екенін атап өтті: «Театр 1963 жылы «Ақ құс туралы аңыз» жаңа балетін қоя бастады. Сценарист Ә.Мәмбетов пен композитор Ғ.Жұбанова хореографтар Д.Әбіров, З.Райбаев және Б.Аюхановты «Аққанат», «Хиросима», «Чайка» сияқты бір актілі балеттердің хореографиялық триптихінің түрін жасауға шақырады. Бұл балеттердің барлығы адам рухының өзіне қарсы күштермен мәңгілік күресінің символы ретіндегі ақ құс туралы аңызың ортақ идеясына біріктірілген.... Ә.Мәмбетов... балет сценарийін жасауды алғаш қолға алғанда, әрине, әлі де болса балет емес, драма театрының заңдылықтарын басшылыққа алды... Балет спектаклінің құрамдас бөліктерінің арасында тең қатынасты таппағандықтан театр «Чайка» балетін қоюдан бас тартады. «Аққанат» және «Хиросима» балеттерінің сценарийі де, музыкалық негізі де әр түрлі позициядағы хореографтар Д.Әбіров пен З.Райбаевтарда болғандықтан, балет қойылымдарын жасай бастағанға дейін бірнеше рет қайта қараудан өтеді».

Л.Сарынова «Хиросима» балетінің либреттосы туралы:«шығармашылық топ «Хиросимадағы» қайғылы оқиғаларды мысалға ала отырып, біздің заманымыздағы адамзаттың бейбітшілік үшін күресін көрсетуге шешім қабылдады. Осылайша иланатындай қауқары бар спектакль жасады.» - деп еске алады.

1990 жылы 16 қыркүйекте Абай атындағы Мемлекеттік академиялық опера және балет театры сахнасында Георгий Алексидзе қойылымындағы Жұбанованың музыкасына жазылған «Қарагөз» балетінің премьерасы болды. Мұхтар Әуезовтің аттас трагедиясы бойынша либреттоны Ә.Мәмбетов хореограф Г.Алексидземен бірлесіп жазған.

Премьераға арналған сыни мақаласында өнертанушы Людмила Жуйкова былай деп атап көрсетті: «Тұжырымдамаға бағытталған ізденіс, әдеби дереккөзді жаңашыл ұғынумен ерекшеленетін спектакль жасалды. «Қарагөз» сюжеттік балет. Ол қазақ әдебиетінің классигі Мұхтар Әуезовтің аттас драмасына негізделген. Оны негізге алып Ә.Мәмбетов пен Г.Алексидзе пролог, алты көрініс және эпилогтан тұратын үйлесімді, серпінді либретто жазды».

Марапаттары: Еңбек Қызыл Ту ордені; Достық ордені; «Ерен еңбегі үшін» медалі (1959); Ташкенттегі «Наурыз-92» Халықаралық фестивалінің «Аймақтағы режиссерлік және өнерді дамытуға қосқан зор үлесі үшін» арнайы сыйлығы; «Астананың құрметті азаматы» атағы (2000).

Библиография

  • Сарынова Л.П. Мамбетов Азербайджан Мамбетович. Балетное искусство Казахстана. – Научное издание. – Алма-Ата: «Наука» Казахской ССР, 1976–176 стр. – С.119, 125, 169.
  • Нұрпейісов К.Ә. Мәмбетов Әзербайжан Мәдиұлы. Қазақ ССР. Қысқаша энциклопедия. 4 том.– Алматы: Қазақ совет энциклопедиясы – 1989. С.424-425.
  • Жуйкова, Людмила. «“Любовь есть познание…” Премьера балета Газизы Жубановой “Карагоз” на сцене ГАТОБ им. Абая». Qazaq Ballet Magazine, дата публикации 3 октября 2021, www.qazaqballet.kz/main_articles/ljubov-est-poznan...Дата доступа (14 декабря 2021 года).