"АЛТЫНАЙ" МЕМЛЕКЕТТІК ХАЛЫҚ БИ АНСАМБЛІ

20.10.2023  | Автор: Ізім Т.О.

Өмірбаяны

«Алтынай» мемлекеттік халық би ансамблі Сүйінбай атындағы Алматы облыстық филармония жанынан құрылды. 1985 жылы ұжымның идеялық шабыттандырушысы мемлекет қайраткері, этнограф-ғалым Өзбекәлі Жәнібеков болды. Әр жылдары ансамбльдің жетекшілері: Р. С. Давлетьярова (1985-1986), ҚазКСР еңбек сіңірген әртісі Т.О. Ізім (1986-1988); ҚазКСР еңбексіңірген әртісі А. М. Исмаилов (1988-1995, 2000-2002); ҚазКСР еңбек сіңірген артисі Э.Д. Мальбеков (1995-2000); Қазақстан Мәдениет қайраткері Т. Ж. Қлышбаев (2002-2013); ҚР Мәдениет үздігі Г. К. Оспанова (2013-2015), ҚР Мәдениет үздігі Г. Д. Смағұлова (2015-2022). 2002 жылы облыс орталығының Талдықорғанға ауысуына байланысты ансамбль осы қалаға; 2022 жылы Алматы облысының орталығы Қонаев қаласына көшірілді, осы кезеңнен бастап «Алтынай» өзінің шығармашылық қызметін ҚР Мәдениет үздігі БекзатАғиярдың (2022) басшылығымен бастады.

Ансамбль өз шығармашылығында қазақ биі мен өз халқының дәстүрлі би мәдениетінің бастауларын сақтай және дамыта отырып, фольклорлық-этнографиялық биді дамытады. Ансамбльдің негізгі репертуарын ҚазКСР-нің еңбек сіңірген өнер қайраткері Ольга Всеволодская-Голушкевич құрды, ол бастапқы дереккөздерді терең зерделеу арқылы бір қатар ерекше хореографиялық композициялар шығарды, олардың ішінде: «Бастау», «Жезтырнақ», «Бақсы ойыны», «Сайыс», «Қылышпан би», «Киіз басу», «Кербез би», «Ақат» және басқа да тарихи-этникалық тақырыптағы билер. Ансамбль бағдарламасында Қазақстанның белгілі балетмейстерлері: Д.Әбіров, Ш. Жиенқұлова, М. Тілеубаев, Ж. Байдаралиннің қойылымында билер бар. Ансамбль мен балетмейстерлер Н. Таир, А. Құлбекова, Г. Орымбаева, Е. Ағымбаев және т. б. жұмыс істеді.

Ансамбль өзінің өнерін шетелде бірнеше рет ұсынды: Вьетнам (1986), Лаос (1986), АҚШ (1986), Үндістан (1987), Непал (1987), Бельгия (1989), Мексика (1989), Италия (1992), Оңтүстік Корея (2003), Сербия және Венгрия (2016), Түркия (2018), Тайланд (2019). Украинадағы Қазақстанның мәдениет күндеріне қатысты (Киев, Днепродзержинск, 1987); Ресейде (Мәскеу, Мытищи, Раменское, 2003); Түркияда (Анталия, 2004; Анкара, 2016); Қырғызстанда (Ош, 2006); Қытайда (Пекин, 2006; Сиян, 2013); Францияда (Париж, 2008); Кореяда (Сеул, 2011); Өзбекстанда (Ташкент, 2017). Қытайдағы (Шанхай) Expo-2010 және Оңтүстік Кореядағы (Йосу) Дүниежүзілік EXPO-2012 көрмесіне қатысты.

Марапаттары: I Республикалық қазақ би байқауының лауреаты. Ш. Жиенқұлова (Алматы, 1992); Бельгия халықаралық халық би фестивалінің лауреаты (Турне,1989); «Шабыт» XIX Халықаралық шығармашылық жастар фестивалінің Гран-Приі (Астана, 2016).

Библиография

  • Ізім Т. Мемлекеттік «Алтынай» би ансамблі. – Алматы: Өнер. – 2010. – 112 б.

Медиа галерея

"АЛТЫНАЙ" МЕМЛЕКЕТТІК ХАЛЫҚ БИ АНСАМБЛІ

"АЛТЫНАЙ" МЕМЛЕКЕТТІК ХАЛЫҚ БИ АНСАМБЛІ

"АЛТЫНАЙ" МЕМЛЕКЕТТІК ХАЛЫҚ БИ АНСАМБЛІ