МЕМЛЕКЕТТІК НАЗ БИ ТЕАТРЫ
Өмірбаяны
Театр 1999 жылы Астана қаласы әкімдігінің «Мемлекеттік филармония» МКҚК-да құрылған «Наз» би ансамблінен бастау алады. Ансамбльдің негізін қалаушы Еркебұлан мен Қадиша Ағымбаевтар болып табылады. 2007 жылы ансамбль «Астана қаласы әкімдігінің «Наз» мемлекеттік би театры» МКҚК болып қайта құрылды. Директор және көркемдік жетекші - ҚР Мәдениет қайраткері Е. М. Ағымбаев; бас балетмейстер - ҚР еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері Қ.Е. Ағымбаева.
Театрдың негізгі миссиясы ұлттық фольклорды насихаттау және қазақ би өнерін дамыту болып табылады. Репертуарында оннан астам хореографиялық спектакль бар: «Тұйғындар» (хореограф Е. Ағымбаев, 2007); «Нұрғиса» (режиссер-хореограф Е. Ағымбаев, 2011); «Мың бір түннің бір түні» (хореографтар - Қ. Ағымбаева, М. Айтмағамбетова, Д. Сүлейменова, Н. Леонтьева, 2013); «Шыңғысхан» (хореограф Тугсуу Тумурхуяг, Моңғолия, 2019), «Уақыт-Өмір» (хореограф С. Доминская, Ресей, 2020) және т. б.
Ұжым елдегі және шетелдегі барлық мәдени-бұқаралық және мерекелік іс-шаралардың белсенді қатысушысы болып табылады: Азия ойындары, халықаралық байқаулар мен фестивальдар (Түркия, Ресей, ҚХР, Оңтүстік Корея, Болгария, Греция, Бельгия, Нидерланды, Франция, Норвегия, БАӘ, Румыния, Украина және т.б.).
Театр түрлі беделді республикалық, халықаралық байқаулар мен фестивальдердің жеңімпазы болып табылады: II сыйлық, Шара Жиенқұлова ат. II-Республикалық қазақ биі байқауы (Орал, 2001); Гран-При, IV- Халықаралық шығармашылық жастардың «Шабыт» конкурс-фестивалі (Астана, 2001); Қазақстан Жастар Одағы сыйлығы (2002); II Халықаралық хореографтар конкурсының ІІ-сыйлығы (Новосибирск, Ресей, 2003); М. Эсембаев ат. IX Халықаралық фестиваль-конкурс. (Грозный, Шешен Республикасы, 2017); «Шабыт» XXI - Халықаралық шығармашылық жастар фестивалі-конкурсының Гран-приі (Астана, 2018); Vitosha 2020 - WEB EDITION Халықаралық фольклорлық фестивалінің режиссурасы үшін арнайы сыйлық (Болгария, онлайн-конкурс, 2020); Астана қаласының ұлттық мәдениетін дамытуға қосқан үлесі үшін «Наурыз-2021» I - Ұлттық сыйлығы.