РЕСПУБЛИКАЛЫҚ МЕМЛЕКЕТТІК АКАДЕМИЯЛЫҚ КОРЕЙ ТЕАТРЫ
Өмірбаяны
Корей театры 1932 жылы Қиыр Шығыстағы Приморск өлкесінде ашылып, Қиыр Шығыс аймақтық корей театры деп аталды. Бұл КСРО-дағы және бүкіл әлемде Корей түбегінен тыс жалғыз корей театры болды. 1937 жылы жер аударылу нәтижесінде ҚШАКТ Қазақстанға (Қызылорда) қоныстанды. Театр Қызылорда облыстық корей музыкалық-драма театры болып өзгертілді (1937-1942).
1942-1959 - театр Үш-Төбеде орналасты, 1959-1968 жылдары - Қызылордаға оралды.
1962 ж. желтоқсан - театр Корей музыкалық-драма театры болып өзгертілді. 1968 жылы Алматыға ауыстырылып, музыкалық комедия театрына айналды. 1982 жылы 50 жылдық мерейтойына байланысты және «Кеңес театр өнерін дамытуға сіңірген еңбегі үшін» театр «Құрмет Белгісі» орденімен марапатталды. 2017 жылы театрға «академиялық» мәртебе берілді.
Ұжымның басты миссиясы - ұлттық дәстүрді сақтап, басқа халықтармен қарым-қатынас жасау арқылы оны байыту. Театрда драмалық актерлер, вокалистер, балет труппасы жұмыс істейді. 1960-1988 жылдары театрда «Ариран» эстрадалық ансамблі жемісті еңбек етті. Көркемдік жетекшісі В.Ким, бас дирижер Е.Богушевский; Г.Сонның жетекшілігімен «Меари» камералық ансамблі (1989); «Самульнори» соқпалы аспаптардың халық ансамблі (1993) танымал болып табылады.
Театр репертуарындағы ұлттық драматургия арасында корей ертегілері, аңыздары мен музыкалық драмалары негізінде жазылған пьесалар ерекше орын алады. Оларда үнемі билер, салт-дәстүрлік ойындармен көріністер, қаңғыбас әзілкештердің мерекелік қойылымдары - квандэні көруге болады. Вокалдық-хореографиялық композициялар, әзіл-оспақ және комедиялық би нөмірлері әрқашан концерттердің сәнін келтіріп, оларға халық қойылымының сипатын береді. Мәскеуде өткен қазақ әдебиеті мен өнерінің онкүндігіндегі (1958) концерт театрдың шығармашылық өмірінде елеулі орын алды. Алғаш рет шақырылған хореограф Ра Сук Хи қойылымында «Қылышпен би» («Комму»), «Веермен би», «Барабанмен би» («Хансами Чум»), «Қойшы мен қыз» («Сан Му») классикалық корей билері ұсынылды.
Хореографиялық топ қатысатын концерттік бағдарламаларға белгілі бір кезеңде жасалған вокалдық, би, поэтикалық нөмірлер немесе бір тақырыппен біріктірілген бағдарлама нөмірлері бар шығармашылық есептерді жатқызуға болады. Оның ішінде театрландырылған қойылымдар, спектакль-концерттер: «Сәлем, Сәлем, Сәлем!»: «Жерұйық», «Дала аймағындағы багульник гүлдері», «Аспан мен жердің арасында» (реж. Е. Ким, хореогр. Л. Ким, композитор Г. Юн), «Бір тағдыр», «Калейдоскоп» Dance-music-drum show; «Желден туған әуен» (хореографиялық композиция),«Алатау тауларындағы таңғы самал» (фантастикалық спектакль жанрындағы театрландырылған қойылым), «Аз и Я» музыкалық-пластикалық спектакль (хореограф Л.Ким, А.Цой, 2021 ж.), «Қобланды» пластикалық-драмалық спектакль (хореогр. А. Цой, Е. Пен, 2022), «Жер бетіндегі өмір үшін» (хореограф Л.Ким, А.Цой, 2022), «ИНО» пластикалық спектакль (хореогр. Д. Смаилов, 2023), «Сердце красавицы» (хореогр. А. Цой, 2023) және басқалары бар.
Театр ұжымы XXVIII Дүниежүзілік қысқы Универсиадаға, ЭКСПО-2017 көрмесіне, «Лондондағы Исабеков әлемі» халықаралық театр фестиваліне қатысты. Қазақстанның біртұтас этномәдени саясатына сай дамып келе жатқан корей театры өзінің ұлттық нақышын, болмысын, тілін сақтап қалды.
Репертуардың дамуына театрдың бас балетмейстерлері Р.Ким (Ли) (1969-2006) елеулі үлес қосты; Л.В.Ким (2006-2022); хореографтар Н.Ким, А.Ли, сонымен қатар шақырылған хореографтар: КСРО Халық әртісі Г.Измаилова, Өзбек КСР-інің еңбек сіңірген әртісі Хван Денок, Мәскеуден келген режиссер-балетмейстер Б.Завьялов, Қазақ КСР-нің Халық әртісі З.Райбаев, режиссер-хореограф Ж.Байдаралин. 2022 жылдың қыркүйегінен бастап театрдың бас балетмейстері А.В.Цой.