ШАРА ЖИЕНҚҰЛОВА АТЫНДАҒЫ РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ҚАЗАҚ БИ БАЙҚАУЫ
Өмірбаяны
І- байқаудың құрылтайшылары ҚазКСР Мәдениет министрлігі мен А.В.Селезнев атындағы Алматы хореографиялық училищесі болып табылады. Бірінші Байқау 1992 ж. 29 наурыз - 3 сәуір аралығында Алматы қаласында А.В.Селезнев атындағы Алматы хореографиялық училищесі базасында екі номинация бойынша өтті: жеке және ансамбль. Байқаудың бас жүлдесін «Салтанат» мемлекеттік би ансамблінің солистері Гүлмира мен Гүлнара Ғабассовалар жеңіп алды; І- орынды «Сазген» фольклорлық ансамблінің дуэті - А.Тати мен Г. Пшенбаева иеленді.
Ансамбльдер арасында І- орынды «Салтанат» мемлекеттік ансамблі, ІІ орынды «Алтынай» мемлекеттік халық би ансамблі иеленді. Қазылар алқасының төрағалық жұмысын З.М.Райбаев атқарды.
ІІ- байқау Орал қаласында (2001) өтті. Оның жандануына Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің Хореография кафедрасының меңгерушісі А.К.Кульбекова зор үлес қосты. Байқаудың бас жүлдесін М.Өтемісов атындағы (Орал қ.) Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің «Арна» ансамблі жеңіп алды. Жеке орындаушы номинациясы бойынша I- орынды Алматы хореографиялық училищесінің студенті А. Ақылбекова иеленді. Қазылар алқасының төрағасы Б.Г. Аюханов болды.
III- байқау Орал қаласында (2006) М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің базасында өтті. Байқау аясында Ұлттық мәдени мұра және оның қазіргі заман қолөнері атты Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция және шеберлік сыныптары өткізілді. Қазылар алқасын - ҚР Халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Б.Г.Аюханов басқарды. Бас жүлде М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің «Арна» ансамбліне берілді. Жеке орындаушы номинациясы бойынша I-орынды биші Б.Ақияр (Талдықорған қ.) жеңіп алды. Алғаш рет хореографиялық ұжымдардың жетекшілері белгілі балетмейстерлердің билерін орындаудан бас тартып, өз қойылымдарын ұсынды. Қазылар алқасының төрағасы Б.Г. Аюханов болды.
IV-байқау (2012) Шара Жиенқұлованың 100 жылдығына орайластырылып, Қазақ ұлттық өнер университетінде ұйымдастырылды (Астана ). Шымкенттен келген «Қазына» халық би ансамблі (жетекшісі З.Әжібекова) бас жүлдеге ие болды. 3 күнге созылған байқау барысында Қазақ биі бойынша шеберлік сыныптары (Бейсенова Г.Н., Кульбекова А.К.), қазақ және орыс тілдерінде «Қазақ биін оқытудың теориясы мен әдістемесі» атты алғашқы оқулықтың тұсаукесері өткізілді (авторлары Т.О. Ізім, А. К. Кульбекова). Қазылар алқасының төрағасы ҚР Халық артисі Г.Талпақова болды.
V-байқау (2019) «Астана Балет» театрының қабырғасында өтті. Оны Қазақ ұлттық хореография академиясы ұйымдастырды. Байқауға облыстық филармониялардың жас хореографтары мен жаңа ансамбльдерінің (Г.Ордабаева . - Көкшетау қ., А.Цой - Алматы қ., А.Дайырбаева - Павлодар қ., А.Тасболатова - Орал қ. және т. б.) көптеген жұмыстары ұсынылды. Байқаудың Гран-Приін хореографтар А.Садықова мен А.Шамшиевтің жетекшілігімен Қазақ ұлттық хореография академиясының ансамблі жеңіп алды. Қазылар алқасына ҚР еңбек сіңірген қайраткері А.Тати төрағалық етті.
VІ-байқау (2023), «Астана Балет» театрының қабырғасында өтті. Ұйымдастырушы Қазақ ұлттық хореография академиясы болды. Байқауға жаңадан құрылған ұжымдар мен жас орындаушылар қатысты. Қазылар алқасының төрағасы ҚР Халық әртісі Г.Талпақова.
Ш.Жиенқұлова атындағы Республикалық қазақ биі байқауы орындаушылар мен қоюшы-хореографтардың жаңа есімдерін аша отырып, қазақ сахналық биін дамытуда үлкен рөл атқарады.