ШОМАЕВА Дилара Ержанқызы
Өмірбаяны
(09.03.1988, Алматы қ.) – балет әртісі, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері (2020), PhD философия докторы (2023).
1999-2006 – А.В.Селезнев атындағы Алматы хореографиялық училищесін М.Ш.Қадырова, Б.Т.Сүлеева, Н.Л.Гончарова сынды педагогтардан оқып бітірді.
2007-2011 – Т.К.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы бакалавриатын «Педагог-хореограф» мамандығы бойынша аяқтады. 2019 жылы Қазақ ұлттық хореография академиясының «Хореография» мамандығы бойынша өнертану ғылымдарының магистрі дәрежесін алды. Сол жерде, 2019-2022 жылдары «Өнертану» мамандығы бойынша докторантурада оқып, диссертация қорғады (2023).
2006-2013 – Абай атындағы Мемлекеттік академиялық опера және балет театрының балет солисі. «Баядерка» (Гамзатти), «Бақшасарай бұрқағы» (Зарема), «Жизель» (Мирта), «Бекер сақтық» («Тщетная предосторожность», Лиза), «Ұйқыдағы ару» (сирень перісі), «Дон Кихот» (көше бишісі) классикалық спектакльдерінде, сондай-ақ балеттерде жетекші партияларды орындады: «Махаббат туралы аңыз» (Мехмене Бану) Ю.Григоровичтің қойылымында, А.Алонсоның хореографиясындағы «Кармен-сюита» (Кармен), Т.Канделороның «Шехеразада» (Зобейда), Б.Эйфманның «Анна Каренина» (Кити), Г.Туткибаеваның «Antico стиліндегі Сюита».
2015 жылы «Астана Балет» театры труппасының құрамына кіріп, кейін жетекші солист болды. Премьералық спектакльдердің орындаушысы: «Серенада» (хореограф Дж. Баланчин), «In the middle, Somewhat Elevated» (хореограф У.Форсайт); Жизель партиясындағы «Жизель», «Қиялға бойлау» («Прикосновение иллюзии»), «Diversity» (хореограф Р.Амаранте), «Вальпургия түні» Деметер партиясында (хореограф. Г.Ковтуна), «Желтораңғы туралы аңыз» (хореограф А.Садықова). Сондай-ақ репертуарында «Love Fear Loss», «A Fuego Lento» (хореограф Р.Амаранте), «Саломея «Тағдырдың бұлтарыстары» (хореограф М.Авахри).
2019-2021 – «Астана Балет» театрының әдеби редакторы, «Сахнаның арғы жағындағы құпиялар», «On stage/ online» арнайы білім беру және ағарту жобаларының бірлескен авторы және жүргізушісі т.б. «Балет сиқыры» балет туралы балалар танымдық журналының екі санының авторы.
«Астана Балет» театрында «Саломея» балетінің (М.Авахридің хореографиясы) либреттосының бірлескен авторы (2018).
Марапаттары: Халықаралық хореографиялық училищелер байқауының дипломанты және орындау мәнерлілігі үшін арнайы сыйлық (Новосибирск, Ресей, 2004). «Халық алғысы» медалінің иегері (2020).
Сілтемелер