ШУРАЛЕ

23.11.2023  | Автор: Мусинова А.А.

Өмірбаяны

3 актілі балет.

Композиторы - Фарид Яруллин; аспаптарға ыңғайлау - Владимир Власов, Владимир Фере. Либреттосы - Ахмед Файзи, Леонид Якобсон, татар халық ертегілері мен Ғабдолла Тоқайдың поэмалары негізінде жазылған. Хореография және қоюшы - Дәурен Абіров. Қоюшы суретшісі - Айтымбай Молдабеков. Қоюшы-дирижер - Ғазиз Дугашев.

Премьерасы 1956 жылы 14 желтоқсанда Абай атындағы Мемлекеттік академиялық опера және балет театрының сахнасында өтті.

Кейіпкерлер мен орындаушылар: Әли Батыр - Леонид Таганов, Дмитрий Самохин, Абдуахим Асылмұратов, Әнуарбек Жалилов, Марат Мунтин; Сүйінбике - Наталья Викентьева, Валентина Никитина, Наталья Гудочкина, Сара Көшербаева; Шурале - Зауырбек Райбаев, Ғани Ақжанов, Болат Валиев, Дүйсенбек Нақыпов, Қайрат Мажикеев; Шайтан - Ғани Ақжанов, Василий Мамонов; Жалынды мыстан - Инесса Манская, Лидия Симагина, Г.Урманова, Людмила Ли.

Орманның қалың тоғайында жас аңшы Әли-Батыр құс қыз - сұлу Сүйінбикенің қанатын ұрлаған орманның зұлым иесі - Шуралемен шайқасқа түседі. Шуралені жеңген Әли-батыр қанатын іздеп шаршаған Сүйінбикені алып кетеді. Жеңілген Шурале құс қызды ұрлап кеткен Әли-Батырдан аяусыз кек аламын деп қорқытады.

Ауылда Әли-Батыр мен Сүйінбикенің үйлену тойы. Бірақ қалыңдық көңілсіз. Ол жоғалған қанатын ойлап уайымдайды. Шурале аулаға жасырынып кіріп, Сүйінбикеге қанатын береді. Ұшып бара жатып, Шурале жіберген қарғалардың қоршауына түседі. Әли-Батыр аспаннан қара құзғындардың арасында ұшқан ақ құсты көреді. Жанып тұрған алауды қолына алып, қуа жөнеледі.

Құс қыз Шураленің талаптарына көнбей, тұтқында отырады. Әли-Батыр қалың орманның арасынан шығып, Шураленің ұясына от қояды. Оның барлық тұрғындары отта өртеніп кетеді. Әли-батыр мен Сүйінбике лаулаған жалынның ішінде жалғыз қалады. Әли-Батыр қызға қанатын береді. Бұл оны құтқарудың жалғыз жолы. Бірақ Сүйінбике сүйіктісін тастап кеткісі келмей, қанатын отқа лақтырады. Орман өрті бірден сөнеді. Әли-Батыр мен Сүйінбике ауылға қайтады. Ғашық жандарға туыстары мен достары бақыт тілейді.