ТӘТИ Айгүл Әбікенкызы
Өмірбаяны
(09.04.1963 ж., Мақаншы ауылы, Семей облысы) – биші, балетмейстер. Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі (1995 ж.), ҚР Еңбек сіңірген қайраткері (2014 ж.), «Құрмет» орденінің иегері (2021 ж.), доцент (2010 ж.).
Алматы хореография училищесін (1981 ж.) «Халық би ансамблінің әртісі» мамандығы бойынша И.Н.Гуляева, Н.Я. Ахунов; Г.Н. Бейсенова; К.М. Мажикеев сияқты педагогтардан оқып аяқтаған. Т.Жүргенов атындағы Қазақ мемлекеттік театр және кино институтын (1998 ж.) бітірген.
1981 жылдан – «Қазақконцерт» гастрольдік-концерттік бірлестігінің солисі. Қазақстандық көрнекті балетмейстерлердің қойылымдарын орындаушы: Д.Т.Әбіровтің «Қуаныш»; «Ұйғыр биі», Д.Б.Киякованың «Түрікмен биі»; Ж.К.Каялиннің «Аққуы». Сүйінбай атындағы Алматы облыстық филармониясына 1985 жылы шақырылып, «Алтынай» би ансамблінің алғашқы бишілерінің бірі болды. 1989 жылы «Сазген» фольклорлық-этнографиялық ансамбліне ауыстырылды, Г.Пішенбаевамен жұптасып биледі. Шығармашылық дуэт балетмейстер Г.А.Орумбаеваның «Жайлауда», «Туған жер», «Қайран жиырма бес», «Тентектер», «Наз» хореографиялық композицияларымен түрлі байқауларда және халықаралық фестивальдерде танылды. Ш.Жиенқұлова атындағы I Республикалық қазақ би байқауының лауреаты (1 орын 1992 ж.).
Тәти Айгүл Әбікенқызы өзіндік өнерімен жеке орындаушылық мектептің белгілі өкілі. Оның сахнадағы бейнелері мәдениетімен, тартымдылығымен, әсем пластикасымен және нәзік лирикасымен ерекшеленген. «Алтынай» және «Сазген» ансамблінің құрамында Қазақстанның мәдениет күндері аясындағы барлық мемлекеттік концерттер мен мәдени-бұқаралық іс-шараларға, жақын және алыс шет елдер бойынша гастрольдік сапарларға қатысты.
1997-2002 – А.В.Селезнев атындағы Алматы хореографиялық училищесінде қазақ және халық-сахналық биі бойынша педагог.
2000-2011 – Т.Қ.Жүргенов атындағы Қазақстан ұлттық өнер академиясының жетекші педагогы.
2017-2019 – Қазақ ұлттық хореография академиясының доценті.
2000 жылдан бастап хореографиялық ұжымдарға арналған және опералық спектальдерде би композицияларын қояды. Абай атындағы Мемлекеттік академиялық опера және балет театрының сахнасында Ғ.Есімов (2000 ж.), Ә.Мәмбетов (2003 ж.), М.Панджавидзе (2020 ж.) қойылымдарында, Е.Брусиловскийдің «Қыз Жібек» операсына билер қойды.
2012 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін «Астана Балет» театрының балетмейстері. Концерттік нөмірлер мен хореографиялық миниатюралар: «Жүрек әуені», «Қыз мұңы», «Сұлулар», «Өрнек», «Нұршашу», «Әсем қоңыр», «Кербез», «Қыз қайың», «Аққыз», «Сый сияпат», «Ұлы дала», «Таңғажайып табиғат» атты қойылымдары өзінің ұстанымымен ерекше авторлық қолтаңбасымен, өзіне тән пластикамен және этникалық философиясымен ерекшеленеді.
Марапаттары: ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісі (2018 ж.); «Сахнагер» ұлттық сый- лығы (2019 ж.).