ЫСМАЙИЛОВ Әубәкір

28.10.2023  | Автор: Ізім Т.О

Өмірбаяны

(02.01.1913 ж., №6 ауыл, Тельман ауданы, Қарағанды облысы - 08.03.1999, Алматы қ.) - халық бишісі, режиссер, киноактер, суретші. ҚазКСР еңбек сіңірген өнер қайраткері (1960 ж.), Қазақстанның халық суретшісі (1985 ж.)

1927 жылы М.А.Врубель атындағы Омбы көркемөнер-өнеркәсіптік техникумының жанындағы қазақ жастарына арналған студияға оқуға түсті.

1929-1932жж. Мәскеуде графика факультетінде ЖКТШ (Высшие художественно-технические мастерские) оқыды, мұғалімдері: В.А.Фаворский, Д.С.Моор, П.П.Кончаловский. И.Я.Судаковтың шеберханасы.

1934-1938жж. - А.В.Луначарский атындағы Мемлекеттік театр өнері институтының (ГИТИС), режиссерлік факультетін бітірген.

Оның шығармашылық өмірбаянында зерттеу қызметі үлкен орын алады. Би фольклорын сақтаудың қажеттілігі мен маңыздылығын түсініп, ол халық бишілерінің орындауында көрген билерін мұқият жазып алған. Бейнелеу өнеріндегі қарқынды және жемісті шығармашылық қызметіне қарамастан, ол қазақ биі бойынша бірегей мұра қалдырып, ұлттық би өнерін қалыптастырып, дамытуға және зерттеуге ықпал етті.

14.02-1.05.1934 ж. Қазақ ұлттық мәдениетті ғылыми-зерттеу институтында қазақ биі мен қазақ композиторы Құрманғазының шығармашылығы бойынша материалдар іздеумен айналысты. 1934 жылы А.В.Луначарский атындағы Мемлекеттік театр өнері институты (ГИТИС), жанындағы Қазақ студиясының базасында қазақ би ансамблі құрылды. 1934-1939 жылдар аралығында ГИТИС-те қазақтың актерлік студиясы үшін би қояды. 1939 жылы Қазақ мемлекеттік филармониясының жанынан халық би ансамблін ұйымдастырды. 1945 жылы ҚазКСР мемлекеттік би ансамблінде еңбек резервтерінің бүкілодақтық байқауы үшін би қойылымдарын іске асырды (Мәскеу қ.). 1947 жылы С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің студенттері арасында ән-би ансамблін ұйымдастырды. 1961 жылы балетмейстер Д.Т.Әбіровпен бірге «Қазақ халық билері» атты алғашқы кітап-оқулық шығарды. 1982 жылы Ықылас атындағы Музыкалық аспаптар мұражайы жанындағы «Сазген» фольклорлық ансамблінің солистері үшін «Құсбегі-дауылпаз» және «Жастар биі» атты халық билерін сахналады.

1934 жылы Мәскеудегі Бүкілодақтық өнер слетінде Ә.Ысмайлов «Құсбегі-дауылпаз», «Ұтыс-би», «Насыбайшы» атты бірнеше халық билерін орындады. 1943 жылы Абай атындағы опера және балет театрының сахнасында «Қазақ би сюитасы» қойылып, Ә.Ысмайловтың қойылымында «Қара жорға» орындалды. Би Монреальдағы (1959) халық шаруашылығының жетістіктері көрмесінде (ВДНХ) ұсынылды. Ә.Ысмайловтың би қойылымдары Мәскеуде өткен Бүкілодақтық онкүндіктерде орындалды. Оның биінің кадрлары мен үзінділері «Синий маршрут» (режиссері Ж.Байтенов О.Сүлейменовтың сценарийі бойынша, 1968ж.); «Қош бол, Медеу» көркем фильмдерінде (1981 ж.) және қызы Г.А.Исмаилованың сценарийі бойынша түсірілген «Өмір палитрасы» деректі фильмінде сақталған (1982 ж.)

Марапаттары: Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің грамотасы (1942 ж.); «Ұлы Отан соғысындағы ерен еңбегі үшін 1941-1945 жж.» медалі (1945 ж.); «Ерен еңбегі үшін» медалі (1946 ж.); «Құрмет Белгісі» ордені (1959 ж.); «Ерен еңбегі үшін» мерейтойлық медалі (1970); Еңбек Қызыл Ту ордені (1974 ж.); «Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің отыз жылдығы» мерейтойлық медалі (1975 ж.); «Қазақ КСР-не 60 жыл» медалі (1980 ж.); «Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 40 жылдығы» мерейтойлық медалі (1985 ж.).

Медиа галерея

ЫСМАЙИЛОВ Әубәкір

ЫСМАЙИЛОВ Әубәкір

ЫСМАЙИЛОВ Әубәкір

ЫСМАЙИЛОВ Әубәкір

ЫСМАЙИЛОВ Әубәкір

ЫСМАЙИЛОВ Әубәкір